«Үміт үзбеңіздер»: Министр грант ала алмай қалғандарға қолдау барын айтты

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылғы мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы бойынша грантқа ілікпеген талапкерлерге арнап ресми үндеу жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖОҒАРЫ
Ведомство ақпаратынша, биылғы конкурс нәтижесінде 77 мыңнан астам талапкер мемлекеттік грант иегері атанған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантын ала алмаған талапкерлердің де жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

– Егер сіз биыл мемлекеттік білім грантын ала алмаған болсаңыз – үміт үзуге асықпаңыз. Грант – бұл тек бір мүмкіндік қана. Ал сіздің ұмтылысыңыз, білімге деген құштарлығыңыз бен табандылығыңыз – табысқа жетелейтін басты күш. Биыл грантқа өтініш білдіргендер саны өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп. Сондықтан бәсекелестік деңгейі өте жоғары болды. Алайда барлығын мемлекеттік грантпен шектеуге болмайды. Қолдау көрсетудің басқа да қолжетімді түрлері бар, – деді министр.

ДЕМЕУШІЛІК ГРАНТТАР БАР
Енді сол қолдауға тоқталайық:
* Ректор гранттары – еліміздегі жоғары оқу орындарында 2000-нан астам орын. Мысалы, «Тұран-Астана» университеті «Алтын белгі» иегерлеріне және ҰБТ-дан 100 балдан жоғары жинаған озаттарға 4 жылдық ректор гранттарын ұсынады.
* Әкімдіктер гранттары – сұранысқа ие мамандықтар мен әлеуметтік осал топтар үшін 1700-ден астам орын жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінген.
* Жұмыс берушілердің мақсатты гранттары – университеттермен жасалған келісім негізінде, кейінгі жұмыспен қамтуды қарастырады.
* Демеушілік және қайырымдылық гранттар:
* «Қазақстан халқына» қоры – 500 грант;
* KAZENERGY қауымдастығы – инженерия, IT және өзге де салалар бойынша бағдарлама;
* «Қазатомөнеркәсіп» – ауыл жастарына арналған Murager бағдарламасы.

ОРЫНДАР БОСАЙДЫ
Министрлік кей талапкерлер гранттан бас тартуы мүмкін екенін, сол кезде келесі үміткерге мүмкіндік берілетінін еске салды. Сонымен қатар, жақсы үлгерім көрсеткен жағдайда ақылы оқудан тегін бөлімге ауысуға болатынын да атап өтті.