Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бастаған әскери кабинет Газа секторының бүкіл аумағын қайтадан оккупациялау жоспарын талқылап жатыр. Жиын алдында америкалық Fox News телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху Газа секторын толық бақылауға алуды көздейтінін, бірақ бұл бақылау мәңгілік емес екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
Қазірдің өзінде Израиль әскері Газа аумағының 75 пайызын бақылауда ұстап отыр. Жаңа жоспарға сәйкес, олар сектордың барлық аймағын басып алмақ. Алайда Израиль ішінде бұл жоспар ХАМАС ұйымын толық жою мақсатына жеткізбейді және тірі қалған тұтқындардың тағдырын қауіпке тігеді деген пікірлер бар.
«Біз бұл аумақты өзімізге қалдырғымыз келмейді. Бізге қауіпсіздік белдеуі қажет, бірақ секторды басқарғымыз келмейді. Біз оны дұрыс басқара алатын, бізге қауіп төндірмейтін және Газа тұрғындарына лайықты өмір ұсына алатын араб күштеріне бергіміз келеді. ХАМАС-пен бұлай жасау мүмкін емес», — деді Нетаньяху Израиль бүкіл секторды бұрынғыдай, яғни 1967 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықтағыдай, бақылауға алуды жоспарлап отыр ма деген сұраққа жауап бере отырып.
CNN телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху секторды басқару қандай да бір уақытша әкімшілікке берілетінін айтты.
Апта бойы БАҚ-тағы аты-жөндері аталмаған дереккөздердің мәліметтері Нетаньяхудың Газаны оккупациялау туралы шешімге бет бұрғанын көрсетіп келді.
«Шешім қабылданды. Біз Газа секторын толық басып алып, ХАМАС-ты түбегейлі жоймақпыз», — деп келтіреді жергілікті журналистер үкіметтегі жоғары лауазымды шенеуніктің сөзін.
Алайда баспасөз мәліметінше, Газа секторын тұрақты түрде оккупациялауға Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы Эяль Замир қарсы. Осы аптада оның Нетаньяхуымен кездесуі шиеленісті жағдайда өткен. БАҚ дерегінше, Замир толық оккупация Израиль армиясы үшін тұзаққа айналуы мүмкін екенін айтқан.

Кездесуден кейін үкіметтің баспасөз қызметі армия үкіметтің кез келген шешімін орындайтынын мәлімдеді.
Қазір Израиль Газа секторы аумағының шамамен төрттен үш бөлігін бақылауда ұстап отыр. Бақылауға кірмейтін аймақтарға солтүстіктегі Газа қаласы мен орталықтағы босқындар лагерлері орналасқан өңірлер жатады.
Израиль баспасөзінің мәліметінше, Газа секторының қалған бөлігін оккупациялау бес ай ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде Израиль Газа қаласын толық бақылауға алып, оның миллионға жуық тұрғынын оңтүстікке көшіреді.
Бірнеше аптадан кейін екінші әскери шабуыл басталады. Ол гуманитарлық көмектің арттырылуымен қатар жүреді. ЦАХАЛ босқындар лагерлері мен тұтқындар бар деп есептелетін аудандарды бақылауға алмақ.
Соңғы сауалнамаларға сәйкес, израильдіктердің көпшілігі соғысты тоқтатып, 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС пен одақтас топтар тұтқынға алған адамдарды қайтаруды қалайды.
Алайда үкімет соғыс басталғалы бері ХАМАС-ты толық жойып, оны сектордағы биліктен айыруды мақсат етіп келеді.
Оппозиция жетекшісі Яир Лапид X әлеуметтік желісінде бүкіл Газа секторын басып алу туралы шешім — бұл жаңа соғыс, тірі қалған тұтқындардың өлімі және миллиардтаған шекель шығын деген пікір білдірді.
Әлем елдерінің басым бөлігі Израильдің палестиналық жерлерді оккупациялауын заңсыз деп есептейді. БҰҰ-ның Халықаралық соты былтыр шілде айында Израильдің палестиналық аумақтарды жаулап алуы халықаралық құқықты бұзады деген шешім шығарған.
Бұл соттың пікірінше, Израиль Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимдегі қоныстарды мүмкіндігінше тез жойып, осы аумақтардан және Газа секторынан кетуі тиіс.
Бұған дейін Израиль әскері Газаның кейбір аудандарына, әсіресе орталық бөлігіне кірмеген еді, себебі ол жақта тұтқындар ұсталып отыр деп есептелді. Өткен жылы құрлықтағы операция кезінде жауынгерлер алты израильдік тұтқынды өлтірген болатын.
Оккупацияланған Батыс жағалаудың бір бөлігін басқаратын Палестина автономиясының өкілдері Израильдің бұл ниеттерін алдын ала айыптап, халықаралық қауымдастықты араласуға және жаңа әскери оккупацияның алдын алуға шақырды.
Палестиналықтар атап өткендей, Израиль үкіметіндегі әсіреоңшыл министрлер Газаны толық оккупациялау мен аннексиялауды ашық қолдап отыр. Олар болашақта бұл аймақта жаңа еврей қоныстарын салғысы келеді.
Өткен аптада Израильдің 600-ге жуық жоғары лауазымды бұрынғы шенеунігі, оның ішінде арнайы қызметтердің экс-басшылары АҚШ президенті Дональд Трамптың атына ашық хат жолдап, Нетаньяхуға қысым жасап, соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуді сұрады.
Хатқа қол қойғандардың бірі — Израильдің ішкі барлау қызметінің бұрынғы жетекшісі Ами Аялон BBC-ге берген сұхбатында әрі қарайғы әскери әрекеттердің пайдасы жоқ екенін айтты.
«Әскери тұрғыдан алғанда ХАМАС толығымен жойылды. Бірақ екінші жағынан, ол идеология ретінде палестин халқының, араб көшесінің және ислам әлемінің ішінде бұрынғыдан да үлкен ықпалға ие бола бастады. Сондықтан ХАМАС идеологиясын жеңудің жалғыз жолы — одан да жарқын болашақты ұсыну», — деді ол.








