Жүргізушіге рақымшылық жасалды. Аяғынан айырылған қызға қолдау бар ма?

Астанада қайғылы оқиға болған күні автобус жүргізіп келе жатқан жүргізушіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ӨТІНІШТЕН КЕЙІН ІС ТОҚТАТЫЛДЫ

Еске салайық, оқиға маусым айында болған. Сол кезде зардап шеккен 15 адамның ішінде қаршадай қыз да бар. Мұның алдында жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған Алуа есімді қыздың оқиғасы егжей-тегжейлі баяндалды. Билік өкілдерінің айтуынша, автобус техникалық тұрғыда жарамды болған, ал жүргізуші тиісті тексерулерден өткен.

Дегенмен тергеу барысында апатқа дәл осы жүргізушінің жол жүру ережесін бұзуы себеп атанғаны анықталды. Сараптама қорытындылары да оның кінәлі екенін растады.

Кейін жүргізуші «Амнистия туралы» заңға сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы өтініш жазды. Нәтижесінде іс тоқтатылды, деп түсіндірді «Orda.kz» басылымына Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

МИНИСТРЛІК ОТБАСЫҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

Маусым айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері Алуаға көмектесуге уәде беріп, протездеу мен оңалту шараларын өз мойнына алатынын мәлімдеген болатын.

«Оңалту мен протездеу қызметтерін өз мойнымызға аламыз. Дәрігерлер балаға арналған жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Отбасыны қолдау жұмыстары министрлік тарапынан жүргізіледі», – деген болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.