400 млн теңгені алып, қашып кеткен қазақстандық БАӘ-ден экстрадицияланды

Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігінің көмегімен криптовалютамен заңсыз сауда жасағаны үшін іздестірудегі Қазақстан азаматын Дубайдан экстрадициялады, хабарлайды Tizgin.kz порталы ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

АҚПАНДА ҰСТАЛҒАН БОЛАТЫН

Күдікті 2022-2024 жылдар аралығында тиісті лицензиясыз «Binance» криптобиржасының платформасында жеке тұлғалар үшін цифрлық активтерді сатып алу, сату және айырбастауды жүзеге асырып, 400 млн теңге сомасында заңсыз табыс тапқан. Қылмыстық жауаптылықтан құтылу мақсатында күдікті жасырынып, соған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

Осы жылдың ақпанында ол Дубайда ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.