Сәрсенбі күні кешке АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуден ұшып кеткеннен кейін Батыс басылымдары өз дереккөздеріне сілтеме жасап, келесі аптада Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі өтуі мүмкін екенін, ал одан кейін Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу ұйымдастырылатынын хабарлады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Трамп алдымен Уиткоффтың Мәскеуде Путинмен өте жемісті кездесу өткізгенін айтты, ал кейінірек журналистермен әңгіме барысында алдағы уақытта Ресей басшысымен Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылау үшін кездесуі мүмкін екенін растады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
ЕКІ ТАРАПТАН ДА БЕЛГІ БАР
Кремльдің хабарлауынша, Уиткофф Путинмен Кремльде бесінші рет кездесіп отыр. Сәуір айының соңындағы алдыңғы кездесу сияқты бұл жолғысы шамамен үш сағатқа созылған. Уиткофф Мәскеуге Дональд Трамптың Украинадағы бітімге келу жөніндегі ультиматумының мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда келген.
«Айтарлықтай ілгерілеу болды! Осыдан кейін мен кейбір еуропалық одақтастарымызға хабар бердім. Барлығы бұл соғысты тоқтату керек деген пікірде және біз алдағы күндері мен апталарда осы бағытта жұмыс істейміз», — деп жазды Трамп келіссөздерден кейін Truth Social желісінде.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков кездесуден кейін «украин дағдарысы» мен «Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың даму мүмкіндіктері» жайында «өте пайдалы әрі сындарлы әңгіме» өткенін мәлімдеді. Ушаковтың айтуынша, ресейлік тарап америкалық әкімшілікке белгілі бір сигналдар жолдаған және АҚШ тарапынан да сәйкес сигналдар алған.
Fox News телеарнасы АҚШ әкімшілігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, Уиткофф Мәскеудегі келіссөздер кезінде Путиннен Дональд Трамппен кездесуге дайын екенін және оны қалайтынын білдіретін сигнал алғанын хабарлады.
«Бүгін Мәскеуде Владимир Путин Стив Уиткоффқа Трамппен кездескісі келетінін айтты», — деді телеарна тілшісі тікелей эфирде.
CNN телеарнасы да Ақ үйдің екі өкіліне сілтеме жасап, Уиткоффпен Кремльдегі келіссөздер барысында Путиннің Трамппен кездесуді өзі ұсынғанын хабарлады. Ақпарат құралдары сондай-ақ Ақ үйдің Уиткофф пен Путин арасындағы әңгімені «күткеннен де өнімдірек өтті» деп бағалағанын жазды.
ТРАМП ӘКІМШІЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Сәрсенбі кешке журналистермен сөйлескен Дональд Трамп Владимир Путинмен алдағы уақытта кездесуі мүмкін екенін растады.
«Кездесу жақын арада өтуі әбден мүмкін», — деді Трамп.
Ол Ресей мен АҚШ сәрсенбі күні «жақсы келіссөздер» өткізгенін қайталап айтып, сонымен қатар Мәскеудің сауда серіктестеріне қарсы қосымша санкциялар енгізілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей мен АҚШ көшбасшыларының кездесуіне жол ашу үшін «көптеген кедергілерді» еңсеру қажет екенін мәлімдеген.
«Бүгін жақсы күн болды, бірақ алда әлі көп жұмыс тұр. Бізге әлі талай кедергіден өту керек, және біз мұны алдағы күндері, сағаттарда немесе апталарда жүзеге асырамыз деп үміттенеміз», — деді Рубио Fox Business телеарнасына берген сұхбатында.
Ақ үй де америкалық БАҚ-қа кездесу дайындығы жүріп жатқанын растады. Олардың дерегінше, Трамп алдымен Путинмен, кейін Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу өткізуі мүмкін.
«Ресей тарапы президент Трамппен кездесуге ниетті екенін білдірді, ал президент Трамп президент Путинмен де, президент Зеленскиймен де кездесуге ашық. Президент Трамп бұл қанды соғыстың тоқтағанын қалайды», — деп келтіреді CNN Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің сөзін.
ЛОГИСТИКАДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР
New York Times басылымының хабарлауынша, Трамптың Путин және Зеленскиймен кездесу жоспарлары оның еуропалық көшбасшылармен телефон арқылы сөйлесуі кезінде белгілі болған.
Бұл әңгімеге Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Германия канцлері Фридрих Мерц, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, арнайы өкіл Стив Уиткофф және Украина президенті Владимир Зеленский қатысқан.
Сәрсенбі күні кешкі жолдауында Украина президенті Зеленский Ресейдің «қазір бітімге келуге көбірек бейіл танытып отырғандай» екенін айтты. New York Times дереккөздерінің мәліметінше, егер кездесулер өтетін болса, олар еуропалық әріптестердің қатысуынсыз ұйымдастырылады. CNN телеарнасы Ақ үйдегі бір қызметкерге сілтеме жасап, Трамп Путинмен келесі аптада кездескісі келгенімен, логистикалық қиындықтарға байланысты бұл уақыт аралығында кездесу өткізу оңай болмайтынын жазды.
Алайда телеарнаның басқа дереккөздері Трамптың көмекшілері кездесулерді жоспарлауға және дайындық жұмыстарына кіріскенін айтады.
«Президенттің екі әлемдік көшбасшымен маңызды кездесуін ұйымдастыру әдетте көп уақытты талап етеді, дегенмен Трамп өз командасынан бұл істі жеделдетуді сұрады», — деп хабарлайды CNN.
Ақ үй CNN-ге берген мәлімдемесінде кездесу келесі аптада не одан кейінгі аптада өтуі мүмкін екенін, ал нақты өтетін орны әлі белгіленбегенін, бірақ бірнеше нұсқа талқыланып жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ, Ресей және Украина көшбасшылары арасындағы келіссөздер үшін өз елін алаң ретінде ұсынған болатын.
Айта кетейік, Трамп пен Путин соңғы рет 2019 жылы Жапонияның Осака қаласындағы G20 саммитінде кездескен. Одан бір жыл бұрын олар Финляндия астанасы Хельсинкиде екіжақты саммит өткізген еді.








