Трамптың «тепкіні»: АҚШ енгізген 25% баж салығы Қазақстанға қалай әсер етеді

Бұл сұрақты журналистер бүгін Үкімет отырысынан кейін Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ШАҚҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ

Арман Шаққалиевтың сөзінше, әңгіме, шартты түрде айтқанда, қақтығысушы тарапты қолдайтын елдерге қатысты қосымша кедендік баж салығын енгізу жөнінде болған.

Мен бұл мәселеге қатысты нақты, кесімді және ешбір күмәнсіз түрде айтамын: біз мұндай санкцияларға қатысты өзіміздің ешқандай міндеттемелерімізді бұзып жатқан жоқпыз. Бізде ойынның нақты ережелері бар. Біз әріптестерімізбен бірге экспорттық бақылау бойынша міндеттемелеріміздің орындалуын қадағалап отырмыз. Мәселе Трамптың жарлығымен енгізілген және ақпараттық хатта жарияланған 25 пайыздық кедендік баж туралы болып отыр. Бұл жерде нақты түсіну керек жайт: біздің экспорттың 95 пайызы бұл қосымша баж салығына жатпайды, — дейді ол.

Шаққалиев сонымен қатар, Қазақстан өз тарапынан бұл жөнінде ұсыныстарды АҚШ-қа жолдағанын айтады. Қазір келіссөз процесі жүріп жатыр.

Жалпы, кедендік баждарға қатысты барлық нәрсе ДСҰ ережелерінде нақты қарастырылған. Бірақ қазіргі жағдай — әдеттен тыс. Бұл – ДСҰ нормаларының және халықаралық міндеттемелердің бұзылуы. Сондықтан біз де стандарттан тыс әрекет етіп отырмыз. Біз шегінуге емес, керісінше, ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты шаралар ұсынып отырмыз», – деді Арман Шаққалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан тауарларына 25% мөлшерінде кедендік баж салығын ресми түрде енгізген болатын. Кейін Қазақстанның АҚШ-пен келіссөздерді жалғастырып жатқаны белгілі болды.