Азық-түлік пен жанармай қымбаттады

2025 жылдың шілде айына арналған инфляция қорытындыларын Үкімет жария етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

БИЛІК ШАРА ҚАБЫЛДАЙ МА

Жиын қорытындысы туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өткен айда елдегі жылдық инфляция деңгейі 11,8% деңгейінде сақталған.

Ресми ақпаратқа сәйкес кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы айтарлықтай өскен. Бұл жағдайға байланысты билік тиісті шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар, бензин бағасы да қымбаттап келеді.

«Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының айлық өсімі 0,8 пайыз болды. Ал ақылы қызметтер сегментінде бағаның баяулау үрдісі байқалады», — делінген министрлік хабарламасында.

АРЗАНДАҒАН АЗЫҚ-ТҮЛІК

Кейбір өнім арзандағанымен, қырыққабат пен тауық еті әлі де қымбаттап жатыр. Билік кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы төмендегенін айтты. Олардың қатарында: картоп, пияз, сәбіз, жұмыртқа, күріш бар. Ал нан өнімдерінің бағасы өзгеріссіз қалған. Есесіне қырыққабат пен тауық еті қымбаттауын жалғастыруда.

«Жекелеген тауарлар бағасының өсуі жалғасуда. Қырыққабат бір айда 12,3%-ға қымбаттады, дегенмен шілде айының соңғы аптасында бағаның төмендеу үрдісі байқалды. Тауық еті 2,6%-ға, ал сиыр еті 1,4%-ға қымбаттады. Бұл өсімнің баяулауы сыртқы тұрақты сұранысқа қарамастан, нарықтағы тұрақтану белгісі ретінде қарастырылып отыр», — делінген министрлік мәліметінде.

СИЫР ЕТІНЕ СУБСИДИЯ БӨЛІНЕДІ

Сиыр етінің күрт қымбаттауы туралы халық, әсіресе оңтүстік өңір тұрғындары жиі шағым түсірген болатын. Енді бұл мәселе бойынша билік шаралар қабылдағанын хабарлады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ет өңдеуші кәсіпорындарға әрбір сатылған килограмм сиыр етіне 175 теңге мөлшерінде субсидия беретінін мәлімдеді.