«Сен заңды бұздың»: Алматы тұрғыны Базарбекті «бензинмен өртенем» деп қорқытты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы қаласы Бостандық ауданы Ерменсай ықшамауданындағы «Жанару» тұтыну кооперативінде заңсыз салынған көпқабатты таунхаус тұрғын үйі сот шешімімен бұзылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Бақытжан Базарбектің айтуынша, жер учаскесінің меншік иесі шаруа қожалығын жүргізу және бау-бақша өсіру мақсатында берілген жерге екі қабатты таунхаус салып, заңды бұзған. Сот шешіміне сәйкес, бұл нысандарды мәжбүрлеп сүруге тура келген. Сүру барысында меншік иесі өзін-өзі өртемек болып, мемлекеттік сот орындаушысын итеріп, арандатушылық әрекеттерге барған.

«Алматы қаласының ГАСК қызметімен бірге біз таулар етегінде заңсыз салынған көпқабатты тұрғын үйлерді сүруді жалғастырамыз — жерге құқықсыз, бастапқы рұқсатсыз және құрылыс құжаттарынсыз салынған нысандар заң аясында жауапқа тартылады», — дейді Базарбек.

МЕНШІК ИЕСІМЕН ДАУ

Желіде Базарбек сол таунхаустың иесімен айтысып, заң бұзғанын түсіндірмек болған.

«Заңның аты заң. Қала тұрғызудың ережелері, жер кодексі бар. Сен заңның барлық талаптарын бұздың. Сенде эскиз де, жобалық-сметалық құжат та жоқ. Ештеңе жоқ. Таунхаусты саяжайға сала алмайсың. Заң бұздың ба – әңгіме қысқа», — дейді ол.

Меншік иесі Талғат онымен келіспей үстіне бензин шашып, өзін өртемек болған.