«Генерал жағына өтіңдер» деп үндеу таратқан: Жапаров Тәшиев жөнінде сұхбат берді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевті МҰҚК төрағасы қызметінен не үшін босатқанын айтып берді. Президент «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатын ел ішінде көп талқыланған осы мәселеге арнаған.

Жапаров не дейді

2021 жылы халықтың басым бөлігі мені президент етіп сайлап, мемлекет тағдырын сеніп тапсырды. Конституция президентке мемлекеттің тұтастығын, халық пен мемлекеттік қызметшілердің бірлігін сақтауды міндеттейді. Мен бұл борышымды дәл солай орындадым. Өйткені мемлекет пен бүкіл халықтың мүддесі мен үшін қызметтен де, достықтан да жоғары тұрады.

Бәрі де жоғарғы кеңестен басталды. Кейбір депутаттық топтар депутаттарды жинап, бөліп, “сен біз жақтасың ба, әлде ана жақтың жақтасысың ба?” деп сұрай бастаған. Қай тараптың артында кім тұрғанын сұраған депутаттарға иықтағы погондарды көрсетіп, “Бұл жақ — генералдың жағы”, ал “ана жақ — президенттің жағы” деп түсіндірген.

Кейін бұл бөлініс көшедегі ақсақалдарға да жетті. Олар мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін қол жинай бастады, бұл мәселе “жоғарыда келісілген” және жоғарғы кеңес жақын арада мерзімінен бұрын сайлау жариялайды деп халықты шатастырған.

Егер мен қысқа мерзімде батыл шешім қабылдамағанда, бұл жағдай халық арасына тарап, адамдар екіге бөлінер еді. Менде депутаттар мен кейбір мемлекеттік қызметшілерді генералдың атымен қорқытқанын растайтын деректер болды. “Біздің жаққа өтпесең, ісің генералмен болады” деп айтқан. Сондықтан осындай шешім қабылдауға тура келді.

Шешім қабылдамас бұрын досыма қоңырау шалып, жағдайды түсіндіріп, оны қызметтен босататынымды айтып, содан кейін ғана жарлыққа қол қойдым. Осындай жедел шешім арқылы досымды да сақтап қалдым деп есептеймін. Өйткені оны қоршаған адамдар — оларды “ақсақал” деп атайық оны тура жолдан тайдырып жатты.

Қамшыбек Тәшиевтің атын жамылып, “генерал жағына өтіңдер” деп үндеу тастағандар парламент депутаттарынан бастап жоғары лауазымды шенеуніктерге дейін, белгілі қоғам қайраткерлеріне дейінгі қатардан шыққан.

Егер мен Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатпағанымда, осы бағытта жұмыс істегендердің әрекеті салдарынан әңгіме күшейіп, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам арасында жік туындап, тіпті қақтығысқа дейін жетуі мүмкін еді. Сондықтан досымды қызметтен босатуға тура келді. Мемлекеттегі тұрақтылық мен үшін бәрінен жоғары.

– Қоғамда “Жапаров командасы” және “Тәшиев командасы” деген түсінік бар. Бұған не дейсіз?

– Кадрлық тағайындауларда ешқандай бөлініс жоқ. Әрбір тағайындау мұқият тексерістен өтеді. Мен бұрын да Тәшиевке, министрліктер мен ведомстволар басшыларына, министрлер кабинетінің төрағасына, губернаторларға талап қойғанмын, қазір де солай етем: мемлекетке қызмет ететін принципшіл, кәсіби кадрларды ұсыныңдар. Олар осы талаптарға сәйкес кандидаттарды ұсынады. Сондықтан “Жапаров командасы” немесе “Ташиев командасы” деген бөлу жоқ.

– Бұрын сіз бен Тәшиевтің арасында “бір мерзім ол, бір мерзім жақын досы отырады” деген келісім болды деген ақпарат тараған еді. Бұл қаншалықты рас?

 – Қырғызстан – демократиялық ел. Елді кім басқаратынын бір топ адам емес, Қырғызстан халқы шешеді. Конституцияға сәйкес әр азамат сайлауға қатысуға құқылы, ал президент болып халық сенім артқан және ең жоғары рейтинг жинаған адам сайланады. Сондықтан “бір мерзім анау, бір мерзім мынау” деген әңгіме демократиялық қағидаттарға сай келмейді және саяси мәдениетке жат. Мұндай пікірлер халықтың таңдау құқығын жоққа шығару әрекеті ретінде қабылданады.

Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен 10 ақпанда босатылған. Ізінше оның үш орынбасары қызметінен кетті. 

Тәшиев ел есінде несімен қалды

Қамшыбек Тәшиев бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты болған, бірқатар оппозициялық қозғалыстарға жетекшілік еткен. Әртүрлі кезеңдерде билікпен ашық текетіреске де барған. Осы арқылы қоғамда танымалдығы артты әрі қатал, ымыраға келмейтін саясаткер ретінде қалыптасқан.

Кейінгі жылдары ол министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл кезеңде шекара қауіпсіздігі, қылмысқа қарсы күрес, жемқорлыққа қарсы науқандармен тығыз байланысты болды. Оның бастамалары бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан қоғамда қызу пікірталас туғызған.

Ең үлкен резонанс тудырған оқиға – 2023 жылы Қамшы Көлбаевтың жойылуы. Осыдан кейін комитет ұйымдасқан қылмыстық топтың талқандалғанын және мемлекетке 350 млрд сомнан астам қаражаттың қайтарылғанын мәлімдеді. Тәшиев елде «смотрящийлер енді жоқ» екенін, бизнестің қылмыстық қысымнан босатылғанын сол тұста мәлімдеді.

Тәжікстанмен шекара бойынша келіссөздерді басқарып, даулы учаскелердің басым бөлігі бойынша келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ Өзбекстанмен шекараны реттеуде, оның ішінде Кемпір-Абад мәселесінде де шешуші рөл атқарды.

Оның тұсында жемқорлық үшін көптеген шенеуніктер ұсталды, есірткі трафигі мен контрабандаға қарсы күрес күшейтілді. Қолданылған әдістер қоғамда бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан сынға да ұшырады.

Қамшыбек Тәшиев 2022 жылы Қырғыз Республикасының Батыры атағын алды. Ұзақ уақыт бойы президенттің ең жақын одақтасы әрі биліктегі ықпалды орталықтардың бірі саналды.