Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев бюджеттен қаражат бөлген кезде жаңадан құрылған үш – Абай, Ұлытау және Жетісу өңіріне басымдық беру керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жақында депутат Абзал Құспан кейбір облыстарды бюджетке “масыл өңірлер” деп атаған еді. Оның айтуынша, бюджет рационалды бөлінбегендіктен, кейбір өңірлерде жылдар бойы қордаланған проблемалар сол күйі шешілмей жатыр.
Tizgin.kz осы тақырып турасында депутат Аманжол Әлтаевтің пікірін біліп көрген. Бюджетті бөлінісі — қайта қаралуы тиіс мәселе ме деген сұраққа ол “қарауға тұрарлық” мәселе деп жауап берді.
”Бұл қарауға тұратын мәселе деп ойлаймын. Басқа өңірлерге қарасаңыз, олар жылдар бойы жеке облыс орталығы ретінде қалыптасқан өңірлер. Ал мен айтып өткен үш облыс жылдар бойы қордаланған мәселелер бар. Жыл бойы Парламент қабырғасында қаншама депутаттық сауал жолдап жатырмыз. Солардың бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер. Ал басқа өңірлермен бірдей көзқараспен оларға қарасақ, ол проблемалар өздігімен шешіліп кетпейді”, – дейді ол.
Әлтаев қаржы бөлген кезде облыстардың жаңадан ашылғанын ескере келе ондағы 30 жылдан бері қордаланған мәселелерді шешу үшін осы үш өңірге басымдық беру керек деп есептейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








