Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақауов Балиде қамауда отырған Гүлсезім Алтайбекованың ісі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Балиде Гүлсезім Алтайбекова деген Қазақстан азаматы ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Оған Қазақстанның консулдары көмектесті ме?» деген сұраққа Әлібек Бақауов «міндетті түрде» деп жауап берді.
«Қазақстан азаматы ұсталса, ол жөнінде ақпарат бізге жетсе, біздің консулдарымыздан міндетті түрде реакция болуы керек. Олар барады», — деді ол.
Алтайбекованың ісі жөнінде Бақауова «білмейтіндіктен нақты ақпарат бере алмайтынын» жеткізді.
«Балиде бізде бірнеше қылмыстық істер болған. Оның алдында екі азаматымыз ұсталған. Кез келген адам ұсталса, консулдарымыз оған міндетті түрде көмек көрсетеді», — деді Әлібек Бақауов.
Алтайбекованың ісі
Балиде қамауға алынған қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекованың ісі бойынша сот шешімі шыққаны бұған дейін хабарланған болатын. Бұл жөнінде жәбірленуші деп танылған ресейлік блогер Карина Фадееваның өзі хабарлаған. Оның сөзінше, Гүлсезім Алтайбекова жәбірленушіге өтемақы төлейді, сонымен бірге ол 4 апта түрмеде болады.
Бұған дейін ресейлік блогер Бали аралында оған Гүлсезім Алтайбекова шабуыл жасағанын хабарлаған. Фадееваның айтуынша, оқиға барда болған. Модель жігітімен бірге отырған кезде Алтайбекова оған бөтелке лақтырған. Кейін Алтайбекова кешірім сұрағанымен, келтірілген шығынды өтеуден бас тартқан.
Әлеуметтік желіде тараған нұсқа бойынша, ресейлік модель украиндық музыканы Гүлсезімнен өшіруді талап еткен. Сол кезде Гүлсезім «Слава Украине» деп айғай салған. Жанжал сол жерден басталған. Десе де, бұл нұсқаны Фадееваның өзі жоққа шығарады. Ал Алтайбекова қамауда болған соң оның бұл іс жөнінде ешқандай ұстанымы ашық жарияланған жоқ.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Гүлсезім Алтайбекова 2022 жылы «Мисс ТМД» байқауында Қазақстан атынан қатысқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








