TikTok жұлдызы болған Талғар әкімі қызметінен кетті

Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметінен босатылды, деп жазады Tizgin.kz.

Арыстанбек Әбілқайырұлы әлеуметтік желіде қоштасу-жазбасын жариялады. Ең алдымен, өзіне сенім артып, сайлауға қатысып, дауыс берген барша талғарлықтарға алғысын жеткізді. 

«Мен атқарған қызметімді денсаулығыма байланысты аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты белгілі бір уақыт еңбек демалысында болдым. Осы жағдай қызметтік міндеттерімді толық әрі сапалы атқаруға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн санадым. Дегенмен денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді», — дейді ол.

Ол қызмет барысында әлеуметтік-экономикалық дамуға, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмысты атқарғанын атап өтті. Әрбір бастама мен жобаның артында ортақ еңбек, бірлік пен сенім тұрғанын ерекше атап өтті. 

Арыстанбек Әбілқайырұлы әлеуметтік желіде белсенділігімен ерекшеленген әкім. Ол «проблема бар» деген жерге барып, сол жерден тікелей эфирге шығып, әдеттегі әкімдер бара бермейтін ашықтықты көрсетті.