Қазақстанның экс-президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мәлімдеме БАҚ өкілдері мен азаматтардың көптеп жолдаған сұрауларына жауап ретінде жасалды. Оның айтуынша, 2025 жылдың сәуір айынан бастап Сара Назарбаева Алматы қаласындағыПрезиденті іс басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталінде емделген. Сол кезде ол ауқымды миокард инфарктін өткерген.
Дәрігерлер оған жүректің ишемиялық ауруы, ұзақ уақытқа созылған әрі ауыр қант диабеті аясындағы жүрек және өкпе жеткіліксіздігі, сондай-ақ үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагноздарын қойған.
Сара Назарбаева ұзақ уақыт бойы жасанды тыныс алу аппаратына және жасанды бүйрек (гемодиализ) аппаратына қосылған күйде болған.
2026 жылдың қаңтар айында жағдайы тұрақтануына байланысты ол стационардан шығарылған. Қазір Сара Назарбаева Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлады Айдос Үкібай.








