Тәркіленген Maybach пен 420 млн теңге: 1Win ісіндегі күдіктілерге іздеу жарияланды

Алматы облысы бойынша ҚМА департаменті заңсыз интернет-казино ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ТӨЛЕМ РЕТІНДЕ КРИПТОВАЛЮТАНЫ ҚОЛДАНДЫ

Заңсыз қызметті жасыру мақсатында жалған тұлғалардың атына тіркелген байланысы бар заңды тұлғалардың кең желісі пайдаланылған.

1Win интернет-платформасы 11 мыңнан астам онлайн ойынға, сондай-ақ спорттық және киберспорттық оқиғаларға бәс тігуге мүмкіндік берген. Бәс қабылдау және ұтыстарды төлеу банк карталары, электронды төлем жүйелері және криптовалюта арқылы жүзеге асырылған, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

БАРЛЫҚ МҮЛКІ ТӘРКІЛЕНДІ

Күдіктілер халықаралық іздеуге жарияланып, оларға қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.

Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған күдіктілердің мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін сотқа дейінгі тәркілеу шаралары қолданылған. Оның ішінде: Mercedes Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser автокөліктері, сондай-ақ банк шоттарындағы 151 млн теңге, 14 600 АҚШ доллары және 44 400 еуро бар, – делінген ҚМА ақпаратында.

Сот қаулысымен жалпы құны 420 млн теңгеден асатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.