«Мұндай шешімді күтпедім»: Тәшиев алғаш рет отставкасы жөнінде үн қатты

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылған Қамшыбек Тәшиев алғаш рет осы жайтқа байланысты мәлімдеме жасады. Ол қазір Германияда емделіп жатыр, деп хабарлайды Кактусмедиа.

Қамшыбек Тәшиев қызметтен босатылуына байланысты түсініктеме берді.

«Денсаулығыма байланысты, президенттің рұқсатымен Германияға бардым. Себебі бұрын операция жасалған жерде толық тексеруден өтуім керек болды. Алайда кеше мені қызметтен босатты. Бұл мұндай шешім болады деп күтпедім. Қалай болғанда да, біз президенттің қабылдаған шешімін орындауға міндеттіміз. Мен мемлекетке, халыққа және президентке адал қызмет еттім, әрі соны мақтан етемін. Тек жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік берілмегені өкінішті», — дейді ол.

Тәшиев комитеттің әрбір қызметкеріне шынайы алғысын білдіріп, бәріне табыс тіледі.

«Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін ешкім заңсыз әрекеттерге ешкім бармауы керек. Біздің әрбір қадамымыз заң шеңберінде жүзеге асуға тиіс», — дейді ол.

Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен 10 ақпанда босатылған. Ізінше оның үш орынбасары қызметінен кетті. 

Тәшиев ел есінде несімен қалды

Қамшыбек Тәшиев бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты болған, бірқатар оппозициялық қозғалыстарға жетекшілік еткен. Әртүрлі кезеңдерде билікпен ашық текетіреске де барған. Осы арқылы қоғамда танымалдығы артты әрі қатал, ымыраға келмейтін саясаткер ретінде қалыптасқан.

Кейінгі жылдары ол министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл кезеңде шекара қауіпсіздігі, қылмысқа қарсы күрес, жемқорлыққа қарсы науқандармен тығыз байланысты болды. Оның бастамалары бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан қоғамда қызу пікірталас туғызған.

Ең үлкен резонанс тудырған оқиға – 2023 жылы Қамшы Көлбаевтың жойылуы. Осыдан кейін комитет ұйымдасқан қылмыстық топтың талқандалғанын және мемлекетке 350 млрд сомнан астам қаражаттың қайтарылғанын мәлімдеді. Тәшиев елде «смотрящийлер енді жоқ» екенін, бизнестің қылмыстық қысымнан босатылғанын сол тұста мәлімдеді.

Тәжікстанмен шекара бойынша келіссөздерді басқарып, даулы учаскелердің басым бөлігі бойынша келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ Өзбекстанмен шекараны реттеуде, оның ішінде Кемпір-Абад мәселесінде де шешуші рөл атқарды.

Оның тұсында жемқорлық үшін көптеген шенеуніктер ұсталды, есірткі трафигі мен контрабандаға қарсы күрес күшейтілді. Қолданылған әдістер қоғамда бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан сынға да ұшырады.

Қамшыбек Тәшиев 2022 жылы Қырғыз Республикасының Батыры атағын алды. Ұзақ уақыт бойы президенттің ең жақын одақтасы әрі биліктегі ықпалды орталықтардың бірі саналды.