Тоқаев бюджет қаржысы ұрланған істердің тергелуін өз бақылауында ұстайтынын мәлімдеді

Президент бюджет қаржысы жымқырылып жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе барын, аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады деп мәлімдеді. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы деп атады.

«Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын», – деді Президент.

Тоқаев сонымен қатар үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс.