Қазақстан жаһандық жемқорлық рейтиңінде төмен сырғыды

Қазақстан жаһандық Жемқорлықты қабылдау индексіндегі (Corruption Perceptions Index) өз орнын төмендетті. Бұл туралы Transparency International Kazakhstan қоғамдық қоры хабарлады.

Бұл жөнінде КазТАГ жазады.

Ұйымның мәліметінше, 2026 жылғы 10 ақпанда Transparency International 2025 жылға арналған Жемқорлықты қабылдау индексін (ЖҚИ) жариялады. Рейтиң 182 ел мен аумақты қамтиды, сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің бағалауы негізінде мемлекеттік сектордағы жемқорлық деңгейін 0-ден 100 баллға дейінгі шкала бойынша өлшейді. Индекс жемқорлықты қабылдау деңгейін салыстыруға арналған негізгі халықаралық құрал болып саналады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 100 мүмкін балдың 38-ін жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтаған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2 балға төмен көрсеткіш. Айта кетейік, алдыңғы рейтингте (ЖҚИ-2024) Қазақстан 40 бал жинап, 180 елдің ішінде 88-орында болған.

Қазақстанмен бірдей 38 балды Эфиопия мен Суринам иеленді. Қазақстаннан бір бал төмен (37) елдер қатарында Колумбия, Доминикан Республикасы, Гамбия, Лесото және Замбия бар. Ал бір бал жоғары (39) көрсеткіш Мальдив аралдары, Марокко және Туниске тиесілі.

ЖҚИ-2025 көшбасшылары:

Дания – 89 балл, Финляндия – 88 балл, Сингапур – 84 балл.

Рейтиңнің аутсайдерлері:

Оңтүстік Судан – 9 бал, Сомали – 9 бал, Венесуэла – 10 бал.

Transparency International Kazakhstan атап өткендей, индекс елдерді мемлекеттік сектордағы жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша сарапшылар мен бизнес өкілдерінің пікіріне сүйене отырып бағалайды. Бұл ретте қарапайым азаматтардың пікірі есепке алынбайды. Индекс 13 тәуелсіз дереккөзге негізделген: 0 балл – жемқорлық өте жоғары, 100 балл – өте төмен деңгей екенін білдіреді.

2025 жылы Қазақстанның рейтингі тоғыз дереккөздің бағалауы арқылы жасалған. Ең төмен ұпайлар демократиялық институттарға, билікті тежеу мен тепе-теңдік тетіктеріне (мемлекеттік басқару, сайлау, азаматтық қоғам, тәуелсіз БАҚ, сот тәуелсіздігі) қатысты көрсеткіштерден байқалған. Ал бизнеске қатысты тәуекелдер мен жағдайларды бағалау бойынша көрсеткіштер салыстырмалы түрде жоғары болған.

Қор өкілдері рейтингтегі орыннан гөрі жинаған балдың маңыздырақ екенін атап өтеді. 50 балдан төмен нәтиже көрсеткен елдер жемқорлығы жоғары мемлекеттер санатына жатады. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде бұл межеден тек Грузия (50 бал) ғана асқан.

Көрші елдермен салыстырғанда:

  • Өзбекстан – 31 балл (124-орын),

    Қырғызстан – 26 балл (142-орын),

    Ресей – 22 балл (157-орын),

    Түрікменстан – 17 балл (167-орын).

Аймақ елдерінің орташа көрсеткіші – 34 бал. 19 елдің алтауы көрсеткішін төмендеткен, тек жетеуі ғана жақсартқан. Бұл – реформалардың баяу жүруі мен институттардың әлсіздігін көрсетеді.

Сонымен қатар ұйым Қазақстанда азаматтық қоғамға қысымның күшейіп келе жатқанын атап өтті. ҮЕҰ-ларға реттеушілік талаптар артып, «шетел агенттері» логикасындағы нормалар талқыланып жатыр. Бұл қоғамдық ұйымдардың жұмысын әлсіретіп, азаматтық кеңістікті тарылтып отыр.

Transparency International Kazakhstan атқарушы директоры Мурат Даниярдың айтуынша, Қазақстанға «есеп үшін жасалатын қамаулар» емес, жүйелі реформаларға нақты саяси ерік қажет.

«Қазақстанға ҮЕҰ мен журналистерге қысымды тоқтату, азаматтық қоғамның тәуелсіз жұмысын қорғау керек. Мұндай қадамдарсыз тұрақты антикоррупциялық жүйе қалыптаспайды», – деді ол.

Сондай-ақ 2025 жылы әлем бойынша ЖҚИ-дің орташа көрсеткіші 42 балды құрағаны айтылды. Бұл – соңғы 10 жылдан бергі ең төмен нәтиже.

Transparency International деректері институттардың сапасы мен жемқорлықты бақылау арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетеді:

толыққанды демократиялар – орта есеппен 71 балл,

жетілмеген демократиялар – 47 балл,

авторитарлық режимдер – 32 балл жинайды.

Transparency International ұйымының төрағасы Франсуа Валериан жемқорлықтың тағдыр жазуы еместігін атап өтті.

«Біздің зерттеулер мен жаһандық тәжірибе билікті қоғам игілігі үшін жауапкершілікке тартудың нақты жолы бар екенін көрсетеді. Демократиялық процестер, тәуелсіз бақылау және ашық азаматтық қоғам – соның негізі», – деді ол.

Transparency International Kazakhstan Қазақстанға мынадай ұсыныстар береді:

  • антикоррупциялық саясат пен тергеулердің институционалдық тәуелсіздігін қамтамасыз ету;

  • мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттыру;

  • сөз бостандығын және журналистердің қауіпсіздігін қорғау;

  • азаматтық кеңістікті сақтау және ҮЕҰ жұмысына шектеу қоятын нормалардан бас тарту;

  • қайтарылған активтерді пайдалануды толық ашық ету.