Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында қазіргі Конституцияның мән-маңызын ешкім жоққа шығармайтынын, соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз екенін атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл – тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы», — деді ол.
Тоқаев дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн екенін ескертті. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды дейді ол.
Ізінше президент түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек деді. Сөзінше, қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар.
«Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын», — деді ол.








