Астанада бүгін «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының әлеуметтік жауапкершілік саласындағы жұмысына қорытынды жасалды. Жиынға сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысып, ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішевтің төрағалығымен өткізілген отырыста білім беру, денсаулық сақтау, инклюзияны дамыту, осал топтағы азаматтарды қолдау және адам капиталын дамытуға бағытталған әлеуметтік және қайырымдылық жобалардың негізгі нәтижелері ұсынылды. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының жұмысы тыңдалды.
ҚОР 10 ЖЫЛДА ҚАНДАЙ ШАРУА АТҚАРДЫ
«Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, өңірлерде бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Әлеуметтік бастамаларға деген сенім ең алдымен серіктестіктен көрінеді. Осы орайд соңғы екі жылда қордың әр бастамасына тұрақты қолдау көрсеткен бизнес-серіктестерге шынайы алғыс білдіреміз. Осы серіктестіктің арқасында 80-нен астам бизнес өкілдерін біріктірген қайырымдылық марафоны өтті. Мыңнан астам әйел жұмыспен қамтылды, инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды. Биыл мамырда өтетін «Қайырымдылық марафонына» қатысуға баршаңызды шақырамын», — деді Ғибрат Ауғанов.
Оның сөзінше, кейінгі 10 жылда жалпы сомасы 124,1 млрд теңге болатын 434 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 17 өңірде және республикалық маңызы бар 3 қалада 274 әлеуметтік нысан ашылған. Олардың ішінде 55 оңалту орталығы, 31 инклюзияны қолдау кабинеті, 18 спорт кешені мен 3 креативті хаб, музейлер, кітапханалар мен көпфункциялы спорт және ойын алаңдары бар. Әлеуметтік бастамалар 11,5 млн-нан астам адамды, оның ішінде 3,2 млн бала мен 2,1 млн ауыл тұрғынын қамтыды.

Жобалар аясында әлеуметтік сала мамандары – педагог, жаттықтырушы, дәрігер, реабилитолог, психолог және басқа да қызметкерлерге арналған 2701 жұмыс орны құрылған. Барлығы оқудан өтіп, біліктілігін арттырған.
НӘТИЖЕ МЕН ЖОСПАР
2025 жыл қорытындысы бойынша 13,2 млрд теңгеге 39 жоба жүзеге асырылған. Шамамен 1 млн азамат көмек көрсетіліп, 600 адам жұмысқа орналасқан.

Ақмола облысының Қажымұқан ауылында, Маңғыстау облысының Дәулет ауылында және Батыс Қазақстан облысының Жаңаөмір ауылында салынған спорт кешендері балалар мен тұрғындарға тегін спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп отыр. Ал Оралда креативті хаб, Қызылордада музей, Шымкент пен Тараз қалаларында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істеп тұр.

2026 жылы Samruk-Kazyna Trust бірыңғай қайырымдылық операторының құрылғанына 10 жыл толады.
2026 жылы қаңтарда Ақтөбеде 20-дан астам бейімдеуші секциясы бар алғашқы инклюзивті спорт орталығы ашылды. Осындай орталықтар еліміздің басқа өңірлерінде де іске қосылмақ. Жаңаөзен қаласы мен Доссор ауылында музей-кітапхана кешендері ашылады. Ал Атырау облысының Құлсары қаласында және Қызылқоға ауданында, Семей қаласында, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Алматы облыстарында спорт кешендері пайдалануға беріледі. Ел бойынша инклюзияны қолдау кабинеттері мен оңалту орталықтарын ашу жұмыстары жалғасады.









