BBC қызметі «Медиазона» және еріктілер тобымен бірлесіп, Украинадағы соғыс барысында қаза тапқан 173 477 ресейлік әскери қызметкердің жеке деректерін анықтады. Бұл туралы ВВС қызметі хабарлайды.
Өңірлер бойынша жүргізілген талдау бір айқын заңдылықты көрсеткен: кедейлік деңгейі жоғары аймақтарда адам шығыны да, әдетте, көбірек тіркеледі.
Еуропалық саясатты талдау орталығының сарапшысы Александр Коляндрдің айтуынша, Ресей экономикасының баяулауы мен жалақы өсімінің қарқынының төмендеуі соғысқа келісімшарт арқылы баруға дайын адамдар санының артуына апарып соғуы мүмкін.
«Экономика өсімі тежеліп, табыс динамикасы әлсіреген сайын, келісімшартқа қол қойып, майданға аттануды қарастыратындар көбейе береді», – деп атап өтті сарапшы.
Ол Би-би-си мен «Медиазона» жинақтаған деректерге негізделген жан-жақты талдауын The Bell басылымында жариялаған.
Өмір сүру деңгейін бағалауда қолданылатын негізгі ресми көрсеткіштердің бірі — күнкөріс минимумы. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде бұл көрсеткіш айына 18 939 рубль (247 АҚШ доллары) деңгейінде белгіленді.
Экономистер анықтаған үрдіс
Экономистер анықтаған үрдістің бірқатар ерекшеліктері бар. Ресейдің ең кедей өңірлерінің қатарына кіретін Ингушетия, Шешенстан және Қарашай-Шеркешия республикаларында жан басына шаққандағы шығын деңгейі бай астаналар — Мәскеу мен Санкт-Петербург көрсеткіштеріне шамалас. Есептеулерде адамның келісімшартқа қол қойған жері емес, оның тұрған өңірі ескерілген.
«Солтүстік Кавказ республикаларындағы нақты экономикалық жағдай қағаз жүзіндегі көрсеткіштерден өзгеше болуы әбден мүмкін. Онда отбасылық байланыстар мықты, көлеңкелі экономиканың үлесі де жоғары. Сондықтан ресми түрде кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдар көп болып көрінеді. Алайда шын мәнінде олардың тұрмыс жағдайы өзге өңірлердегі ең кедей тұрғындарға қарағанда жақсырақ болуы мүмкін», — деп түсіндіреді Александр Коляндр.
Қызықты жағдай Чукотка өңірінде байқалады. Онда жалақы деңгейі формалды түрде жоғары болғанына қарамастан, адам шығыны да айтарлықтай көп.
«Солтүстікте жалақы ғана емес, баға да жоғары екенін ескеру қажет, өйткені көптеген тауар алыс жерлерден тасымалданады. Мұндай жағдайда жалақысы жоғары болса да, халықтың едәуір бөлігі таршылықта өмір сүруі мүмкін», — деп қосты сарапшы.
Талдаушының пікірінше, өңірлер бойынша шығындардың бөлінуі Кремль соғыс ауыртпалығы мен адам шығынын Мәскеу, Санкт-Петербург және Солтүстік Кавказ республикаларынан барынша алыс ұстауға тырысып отырғанын көрсетеді.
Шынайы сандар не дейді
Ашық дереккөздерге сүйене отырып анықталған көрсеткіштер Ресейдің нақты адам шығынын толық қамтымайды. Әскери сарапшылардың бағалауынша, зираттар, мемориалдар мен некрологтар негізінде жасалған есеп нақты қаза тапқандар санының тек 45–65 пайызына ғана сәйкес келеді. Мұның басты себебі – соңғы айларда қаза тапқан көптеген әскери қызметкерлердің мәйіттері әлі де ұрыс даласында қалуы мүмкін. Оларды алып шығу тірі қалғандар үшін аса қауіпті, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттары тарапынан жасалатын шабуылдардың салдары қиын.
Осы бағалауды негізге алғанда, Ресей тарапының нақты адам шығыны 267 мыңнан 385,5 мың адамға дейін жетуі ықтимал.
Бұл көрсеткіш 2022 жылдың соңына дейін Украинаға қарсы соғысқан өзін-өзі жариялаған «ДХР» мен «ЛХР» бөлімшелеріндегі жауынгерлерді есепке алғанда одан әрі ұлғаяды. Некрологтар мен ұзақ уақыт хабарсыз кеткен «ЛДХР» жауынгерлерін іздеу жөніндегі мәліметтерді талдау басқыншылықтың алғашқы жылында 21–23,5 мың адамның қаза тапқанын болжауға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде проресейшіл күштердің жалпы адам шығыны 288 мыңнан 409 мың адамға дейін болуы мүмкін.








