Сауда орынын жалдау ақысы өспейді – мемлекет шағын кәсіпті қолдамақ

Шағын және орта бизнеске қатысты маңызды өзгерістер қоғам талқылауына шығарылды. Сауда орындарындағы жалдау ақысы, отандық тауарларды орналастыру және сатып алу талаптары енді қатаң ережелермен реттелуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъекттеріне арналған мемлекеттік қолдау қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны қоғамдық талқылауға ұсынды. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 20 ақпанға дейін талқыланады. 

Министрліктің мәліметінше, жоба ең алдымен шағын бизнесті қорғауға және қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Негізгі жаңалықтардың бірі – мемлекеттік қолдау алған сауда нысандары бір жыл ішінде жалдау ақысын көтере алмайды. Бұл талап жалға алынған алаңдарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін шығынды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сауда алаңдарында жаңа қазақстандық брендтердің тауарларын сөреге жеңілдетілген шарттармен орналастыру ұсынылып отыр. Мұндай мүмкіндік өндірушінің жазбаша өтініші негізінде кемінде үш ай мерзімге беріледі. Бұл отандық брендтердің нарыққа шығуына жол ашпақ.

Тағы бір маңызды өзгеріс – айналым қаражатын толықтыру кезінде тауарлар мен шикізатты қазақстандық өндірушілер тізіліміне енген кәсіпкерлерден сатып алу талабы енгізіледі. Бұл ішкі нарықты дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

«Ұсынылып отырған өзгерістер шағын бизнесті практикалық тұрғыда қолдауды күшейтуге бағытталған. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер үшін жалдау ақысының негізсіз өсуіне жол берілмейді. Жаңа отандық брендтерді сауда сөрелеріне жеңілдетілген шарттармен орналастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілерден сатып алу талабы ішкі кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Министрлік бұл өзгерістер шағын өндірушілер санының артуына, отандық тауарлар ассортиментінің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына әсер етеді деп отыр. Құжатқа қатысты ұсыныстар мен пікірлер 20 ақпанға дейін «Ашық НҚА» порталында қабылданады.