Құлсарыда оқушы басқа балаларға балта ала жүгірген: екі бала зардап шекті (ВИДЕО)

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Видеода ешбір баланың зардап шеккені байқалмайды. Десе де балта ала жүгірген баладан басқалары қатты қорқып, қаша жөнелген, деп жазады Tizgin.kz.

Желідегілер баланың 10-шы сынып оқушысы екенін жазып жатыр.

Полицияның хабарлауынша, 5 ақпан күні «102»-ге Құлсарыда 10-сынып оқушысы қатарластарымен төбелесіп, оларға шабуыл жасап, артынша мектеп аумағында бой тасалағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.

Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім ұсталған. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілген. Бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының есебіне алынған.

Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілген. Мектеп пен күзет қызметінің жұмысына да құқықтық баға берілмек.