Балиде қамауға алынған қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекованың ісі бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сот шешімі шыққаны жөнінде жәбірленуші деп танылған ресейлік блогер Карина Фадееваның өзі хабарлады. Оның сөзінше, Гүлсезім Алтайбекова жәбірленушіге өтемақы төлейді, сонымен бірге ол 4 апта түрмеде болады.
Бұған дейін ресейлік блогер Бали аралында оған Гүлсезім Алтайбекова шабуыл жасағанын хабарлаған. Фадееваның айтуынша, оқиға барда болған. Модель жігітімен бірге отырған кезде Алтайбекова оған бөтелке лақтырған. Кейін Алтайбекова кешірім сұрағанымен, келтірілген шығынды өтеуден бас тартқан.
Әлеуметтік желіде тараған нұсқа бойынша, ресейлік модель украиндық музыканы Гүлсезімнен өшіруді талап еткен. Сол кезде Гүлсезім «Слава Украине» деп айғай салған. Жанжал сол жерден басталған. Десе де, бұл нұсқаны Фадееваның өзі жоққа шығарады. Ал Алтайбекова қамауда болған соң оның бұл іс жөнінде ешқандай ұстанымы ашық жарияланған жоқ.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Гүлсезім Алтайбекова 2022 жылы «Мисс ТМД» байқауында Қазақстан атынан қатысқан.








