Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жаңа құрылыс кодексі саладағы жемқорлыққа қаншалықты тосқауыл қоя алатыны турасында Tizgin.kz порталының сұрағына жауап берді.
Бақытжан Базарбектің сөзінше, құрылыс саласында жемқорлықтың белең алуы – жасыратын жағдай емес. Жемқорлықтың салдарынан заңсыз құрылыс көбейіп, сапасыз үйлер салынған.
«Мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлкен құрылыстарды алуда да, эскиздік жобаны мақұлдауда да, мемлекеттік сараптамада оң қорытынды алуда да әрбір аймақта өзінің «ставкалары» бар. Әр облыста, ауданда жылдап отырған сәулет басқармалары мен бөлімдерінде жемқор шенеуніктері бар. Біз олармен күресуіміз керек», — дейді ол.
Депутаттың сөзінше, кейбір жағдайда құрылыс барысында іс жүзінде сәулет-қала құрылыс талаптары бұзылса да, оған көз жұма қарап, тексерісті жауып тастайтын жайттар да кездеседі.
Бақытжан Базарбек осыдан кейін күшіне енген қазіргі құрылыс кодексі мұндай жемқорлықтарға қалай тосқауыл қоятынын айтып берді. Сөзінше, ең біріншіден, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармаларының құзіреті күшейтілген. Нақтырақ айтқанда, басқарма енді тексеру тізімі арқылы компанияларды тексере алады. Сейсмоқауіптілік жағынан кез келген құрылысты тексере алар құқыққа ие.
«Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармаларына үшінші тұлғалардың ықпал ету тетіктерін жойдық. Сонымен бірге басқарманың қызметі ашық болуы тиіс. Себебі оның ішінде де жемқорлар болуы мүмкін. Тексеру кезінде заңбұзушылықтарды көрсетпеуі ықтимал. Біз одан бөлек құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейттік. Үйдің шатыры немесе қабырғасы кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Басқаша айтқанда компаниялар үй салғаннан кейін 2016 жылы үй салсаң, 2026 жылға дейін міндетті түрде сол баспанаға жауап бересің. Үйдің іргетасы сөгіліп, шатыры тесілсе, шатыры ұшса өз қаражатың есебінен үйді қалпына келтіресің», — дейді ол.
Десе депутат құрылыс кодексі үзілді-кесілді бүкіл жемқорлыққа нүкте қойды дегеннен аулақ. Кодекс шеңберінде тағы 150 нормативті акт қабылданады. Құрылыс комитеті бекітетін осы акттерде біз нақты жауапкершіліктің бәрі тараптарға бөлініп берілмек. Егер құрылыс кодексінде және 150 актте заңбұзушылықтар орын ала берсе, депутат құрылыс кодексіне қайтадан өзгерістер енгізілетінін айтады.








