Қазақстанда халыққа берілетін жалпы несие сомасы 24,8 трлн теңгеге жетті

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы банк секторының жай-күйі туралы 2025 жылдың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, халыққа берілетін кредиттер 2025 жылы 19,8%-ға – 24,8 трлн теңгеге дейін өскен. Яғни, 2024 жылғы 23,9%-ға өсіммен салыстырғанда жұртшылықтың кредит алуы сәл бәсеңдеген.

«Халыққа берілген кредиттер құрылымында ипотекалық кредиттер 2025 жылы 14,6%-ға 6,9 трлн теңгеге дейін өсті. Тұтынушылық кредиттер 21,0%-ға 16,7 трлн теңгеге дейін (2025 жылғы желтоқсанда 0,5%-ға өсу) көбейді. 2024 жылғы 33,5%-ға өсіммен салыстырғанда бәсеңдеді», — делінген хабарламада.

Өз кезегінде, қабылданған тежеуші шаралардың нәтижесінде жаңа кепілсіз тұтынушылық қарыздар берудің өсу қарқыны 2024 жылғы 22,6%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,1%-ға дейін бәсеңдеген. Бұл ретте тұтынушылық кредит беруді ұлғайтуға елеулі үлесті автокредиттер қосып отыр. Ол несиелер 2025 жылы 42,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті.

2025 жылғы желтоқсанда бизнес субъектілеріне ұлттық валютадағы кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 21,4% (2024 жылғы желтоқсанда – 19,7%), халыққа – 18,3%-ды (2024 жылғы желтоқсанда – 17,0%) құрады.