Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кәсіптік-техникалық колледждердегі мұғалімдері шағымданатын айлық мәселесі төңірегінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Депутаттың сөзінше, педагогтар мәртебесі туралы заң қабылданған кезде мұғалімдердің ғана емес, балабақша қызметкерлерінің де, колледждердің ұстаздарының айлығы бірге өскен. Бірақ колледждерде, балабақшалардағы қызметкерлердің айлығы әлі де жеткілісіз екенін Аймағамбетов мойындайды.
«Біз осы мәселені біле отырып, 2022 жылы премьер-министр деңгейінде колледждерде жан басына қаржыландыру бойынша әр колледжге берілетін қаражатты 2,5-3 есе көтеру туралы мәселе көтеріп, 2022 жылдың соңында осы бастаманы үкімет басшысы қолдады. 2023 жылы бұл мәселенің шешімі болған. Саяси шешім қабылданған. Біз бүкіл ақпарат құралдарын, ақпараттарын дайындадық, бірақ 2023 жылдың қаңтарында мен министр қызметінде жұмыс істемедім. Сол үшін ол мәселе неге шешілмеді деген сұраққа толыққанды жауап бере алмаймын. Бәлкім, бюджетте бір мәселелер бар шығар», — дейді ол.
Асхат Аймағамбетов 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болғаннан кейін кәсіптік-техникалық колледждерді жан басына шаққанда қаржыландыру басталады деген ақпарат шыққанын есіне алады.
«Әлемде қазір не деп жатыр? Болашақтың миллионерлері қолмен жұмыс істей алатын жұмысшы мамандар болады деп сарапшылар айтып жатыр. Оны Nvidia-ның басшысы, алпауыт компаниялардың басшылары айтып жатыр. Егер сондай мамандар бізге қажет болса, олардың қажеттілігін қарау керек. Оларға не жетіспейді? Біріншіден, колледждердің жартысына әлі керекті жаңа құрал-жабдықтар жетіспейді. Екіншіден, жалақы мәселесі. Осы проблемаларды шешу керек», — дейді Аймағамбетов.
Бұған дейін Tizgin.kz редакциясына хабарласқан кәсіптік-техникалық колледж мұғалімдері айлықтың аздығына шағымданған. Олар осы мәселенің салдарынан колледждерде кадр тапшылығы болып жатқанын айтады.
Аталған мәселені бұрын Қазақстан халық партиясы да көтерген. Депутат Ислам Сұңқар бұл жағдай еңбек шартына сәйкес теңсіздікті қалыптастырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагог мамандығының беделін төмендетінін және жоғары білікті мамандарды тартуға кедергі келтіретінін айтады. Ал мұндай оқытушылардың мотивациясының төмендеуі орта буын мамандарын даярлау сапасының құлдырауына алып келеді. Бұл мемлекеттік білім беру саясатының басымдықтарына да, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне де қайшы.








