«Құрдымға кетіп барамыз»: Атырау шаруаларының Шәпкеновке неге өкпесі қара қазандай

Tizgin.kz редакциясына Атырау облысынан хабарласқан «Aqiqat» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин өз өңіріндегі малшылардың зарын жеткізді. Ол облыс әкімдігі субсидия бөлмегендіктен, өңірдің мал шаруашылығы құрдымға кетіп бара жатыр деп дабыл қағады.

Мал ашуы – жан ашуы

Ғазиз Ғабдуллин әлеуметтік желі арқылы былтыр қыс түсерде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген. Үндеуінде бірлестік төрағасы Атырау облысының шаруалары қысқа дайын емес екенін айтып, жайылым мен шабындық жоқтығына шағымданған. Облыс бюджетінен малды аман алып қалу үшін субсидия бөлуді өтінген.

Бұл өтініштің айтылар жөні бар. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі жем-шөбі аз, ауа райы малға жайсыз төрт облысқа, атап айтқанда Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облысында мал азығына жұмсалатын шығынның бір бөлігін жабу үшін субсидия бөлуді әкімдіктерге жүктеген. Әйтсе де, бұл тұста мал азығын субсидиялау төтенше жағдай жарияланғанда немесе аномальды табиғи жағдай туындағанда ғана берілетінін де атап өткен. Субсидия ұрғашы малға берілмейді.

«Шаруалардың мал азығы субсидиясын сұрағандары дұрыс! Ол – шаруагерлердің төрт түлік малын қыстан аман алып шығу үшін берілетін көмегі. Атырау облысы президент пен үкіметтің тапсырмасын орындамай, мектеп баласының әрекетін жасап отыр. «108 бұйрықта міндеттелмеген» деп отырғаны, сонда Атырау облысының әкімдігі «былай жаса» десе ғана ұғатын бірінші сыныптың балалары ма? Ахуалға байланысты логикаға салып шешім қабылдауы тиіс қой!» — дейді Ғазиз Ғабдуллин.

Оның сөзінше, субсидия екі жылдан бері бөлінбей келеді. Ғазиз Ғабдуллин сонымен бірге, тап осы 108 ші бұйрыққа сәйкес Маңғыстау облысы 2024-2025 жылдары – екі жыл қатарынан мал азығын субсидиялап отырғанына назар аудартады. Ал «Атырау облысы әкімдігі өз шаруаларын құрдымға кетіріп отыр» деп есептейді.

Бір жарым жыл бұрын мәселе көтерілген

Бұл мәселе елдің батысында бір жарым жыл бұрын да көтерілген. Атырау облысында мал азығына субсидия беруді талап еткен шаруалар әкімдікті жағалап, көмек сұраған-тын. Жем-шөп бағасы қалтаны бір қақса, құрғақшылықтан шабындық шығымы нашар болып, «екі күймек бір жанға әділет пе» деп шаруалар облыс басшылығына барған. Сол тұста шаруалар мал азығының субсидиясын тоқтатпауды өтінген.

«Жылда субсидия беріліп отырғаннан кейін біздер керекті материалдың бәрін оның ішінде шпагат жіп, қосалқы бөлшек, жанар-жағар майдың барлығын қарызға алдық, былай алдық, банктен несие алдық, ертең осымен төлейміз ғой деп. Жеміміз жоқ, қыс ерте басталып кетті, кеше декабрьден бастап мал тұрды», — деген еді сол тұста шаруа қожалық жетекшісі Мәди Мұратов.

Бекітілген ережеге сәйкес, мал азығын субсидиялау бірқатар өңірде «тиісті бюджеттік қаражаттың болған жағдайда» деп көрсетілген. Атырау облысы әкімдігі осы сөзді аргумент етіп, шаруалардың ығына жығылмай отыр.

Әкім Шәпкенов: «Екі жыл қолдарыңызды қаққан жоқпыз»

Осы мәселе төңірегінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ұстанымын білдіргені бар. Ол 2022-2023 жылдары өзі уәде еткендей шаруалардың «қолдарын қақпадық» дейді. Әкім мемлекеттен алған көмекті «өздері уәде еткендей пайдаланбай, басқа жаққа жұмсады» деп, шаруалардың өзіне кінә таққандай сөйлеген.

«Өкінішке қарай, ол қаражатты басқа жаққа бағыттасаңыздар немесе ол ақша жымқырылса, оның сұрауы болады дедім бе? Дедім. Ол субсидия өмір бақи болмайды да. Себебі әр шаруа өзінің жем-шөп қорын жинауы керек. Сондықтан, 2024 жылы да, қазір де ұстанымымыз өзгерген жоқ. Субсидия есебін қарадық, фактілер бастан асып жатыр. Жартысы бойынша қаражатты қайтару жұмыстары басталды. Арты қайда апаратынын білмеймін. Мал басын санаймыз,  несиеге малын алады, жем-шөпке деп субсидия алады – ақыры алмайды, мал қырылады, жауапкершілік ешқандай жоқ. Кімнен сұраймыз? Осылай дейді де, «мен малды несиеге алдым, биыл тағы бер» дейді. Ол несиені біз төлеуіміз керек пе? Субсидия несие бөлу үшін аударылмайды. Ондай әңгіме өтпейді. Ондай адамдармен біз басқаша сөйлесеміз», — деген әкім.

Әкім сол сөзінде малшыларға 2,9 млрд теңге бөлінгенін мәлім еткен. «Ол ақшаны үлестіріп бердік, сол тиімді болды ма – ешкім айта алмайды» деген. 

Әкімдіктің ұстанымы

Tizgin.kz редакциясы осы мәселе жөнінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновке ресми сауал жолдаған. Біз әкімнен не себепті облыс бюджетінен мал азығын субсидиялауға қаражат бөлінбей қалғанын, осы бағытта бөлінген қаражаттың 2022-2023 жылдары нақты қаншасы, бөлігі мақсатсыз жұмсалғанын сұрадық. Облыс билігі оны субсидиялауды біржолата тоқтатты ма деген де сауал жолданған.

Әкімге бағытталған сұраққа жауап облыстың аппарат басшысының міндетін атқарушы Е.Жұмабайдан келді. Жұмабай жоғарыда аталған субсидия (№108 бұйрық) – міндетті субсидиялау бағытына жатпайтынын хабарлайды. Яғни, жергілікті бюджеттен «қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде» ғана мәселе қарастырылатынын атап өтеді.

«Осыған орай, бюджеттен қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік болмауына байланысты аталған бағыт бойынша субсидиялау мәселесі қарастырылмады. Облыс бойынша мал азығына жұмсалатын шығындардың құнын арзандатуды субсидиялауға облыстық бюджеттен 2022 жылы 1,9 млрд,теңге және 2023 жылы 2,4 млрд,теңге қаражат бөлінді. Субсидиялау қағидасы бойынша бір жыл ішінде субсидияланған аналық малдың сақталуын (табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді қоспағанда) қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелерді орындамау фактілері анықталды. Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясымен аудандық прокуратура тарапынан 2022-2023 жылдарға субсидия қаражатының жұмсалуына жүргізілген тексеру қортындыларымен анықталған заң бұзушылықтарға сәйкес 35 627,0 млн.теңге бюджетке кері қайтарылды», — делінген жауапта.

Әкімдік мал азығын субсидиялау мәселесі бюджет қаражатының мүмкіндігіне байланысты қарастырылатынын хабарлайды.

Осы мақала жазылып жатқан кезде жергілікті Ақжайық басылымы Исатай ауданында жүздеп малдың қырылып жатқанын хабарлады. Шаруалар мал аурудан емес, аштан қырылып жатыр деп шағымданады.

Фото: Ақжайық