Ішкі істер министрлігі 3-ші ақпанда азаматтарға қатаң жаза көзделген құқықбұзушылықтар жөнінде ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚЫЛМЫС САНАЛАТЫН ӘРЕКЕТТЕР
ІІМ мәліметінше, азаматтардың жеке өмірі мен қауіпсіздігі заңмен қорғалады, ал қудалау мен қайта-қайта мазалай беру қылмыс.
«Қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жолдау, әлеуметтік желілер арқылы бақылау, сондай-ақ адамның еркінен тыс соңынан түсу – сталкинг болып саналады және ол жеке қауіпсіздік пен психологиялық жағдайға елеулі зиян келтіреді», – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг фактілері үшін заң тұрғысында қатаң жауапкершілік қарастырылған.
«200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін», – делінген ақпаратта.
Құқық қорғау органдары қудалауға, бақылауға немесе жүйелі түрде тиісуге тап болған азаматтарға 102 нөміріне хабарласуға немесе полиция органдарына жүгінуге кеңес береді.
Айта кетейік, бұған дейін, 2 ақпанда, Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы мәліметтерді таратқаны үшін де жауапкершілік бар екенін ескерткен болатын.








