Германия канцлерінің сөзінше, реформалардың созбалаңға салынуы Еуропаның «өсім әлеуетінен айырылуына» апарып соққан, енді кәрі құрлық саяси тұрғыдан анағұрлым дербес болуы қажет. Сондай-ақ Мерц трансатлантикалық қарым-қатынастардың өзгергенін мәлімдеді, деп жазады DW.
Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропаның АҚШ-қа тәуелділігін одан әрі азайту қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуропа, әсіресе технология саласында, әлдеқайда егемен әрі дербес болуға тиіс.
Бұл туралы ол 2 ақпанда Гессен жеріндегі Эшборн қаласында өткен Deutsche Börse Group компаниясының жыл сайынғы жиынында айтты. Канцлер трансатлантикалық қарым-қатынастардың өзгергенін атап өтіп, бұл жағдайға өзінен артық ешкімнің өкінбейтінін жеткізді.
Мерцтің пікірінше, Еуропа үшін өткен «жақсы кезеңдерге» деген сағыныш пен естеліктер тығырықтан шығудың жолы емес. Ол Германияның Еуропаның технологиялық тәуелсіздігін арттыруда маңызды рөл атқара алатынын атап өтті.
Канцлер жасанды интеллект, кванттық технологиялар, микроэлектроника, биотехнология, энергия өндіру және климаттық бейтарап көлік салаларын Германия үшін басым бағыттар ретінде атап, бұл бағыттарда ел ішіндегі жағдайды түбегейлі жақсарту көзделіп отырғанын айтты.
Фридрих Мерц Еуропа кейінгі онжылдықтарда реформалардың баяулығы мен артық реттеу салдарынан елеулі экономикалық мүмкіндіктерінен айырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпкерлік еркіндігін шектейтін қажетсіз кедергілер мен орынсыз мінсіздікке ұмтылу Еуропаның экономикалық қуатын әлсіреткен.
Канцлер Еуропаның саяси тұрғыдан қайтадан ықпалды бола алуы үшін амбиция, батылдық пен серпін қажет екенін айтты. Сонымен қатар, ол Еуропаның егемендігі мен дербестігін күшейтіп қана қоймай, өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетуі маңызды екенін атап өтті. Экономика үшін де бәсекеге қабілетті жағдайды қайта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
Мерц дамушы, негізінен демократиялық елдердің еуропалық нарық пен технологияларға қызығушылығы артып отырғанына назар аударды. Оның сөзінше, Германияға халықаралық инвестиция тарту саясаты оң нәтиже бере бастады: 2026 жылы елге келетін жаңа капитал көлемі сыртқа шығатын инвестициядан асып түсуі ықтимал.
Бұған қоса, канцлер Еуропаның жаңа әлемдік тәртіпте өз орнын сақтап қалуы үшін күш саясатының тетіктерін меңгеруі қажет екенін айтты. Ол құқық пен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген Еуропа империализм мен автократияға балама бола алатынын, әрі серіктестеріне экономикалық және құндылықтық артықшылықтар ұсынатынын атап өтті. Осы мақсатта ЕО–Mercosur келісімін іске қосу мен Үндістанмен сауда келісімін жасау ерекше маңызға ие.








