Қазақстан Үкіметі авиаотын бағасын төмендету бойынша бірқатар шара қабылдап жатыр. Осыған байланысты Көлік министрлігі өкілдері билет бағасы арзандай ма, жоқ па деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент авиациялық керосиннің жоғары бағасына байланысты салалық мемлекеттік органдарды сынға алған болатын. Осыдан кейін Үкіметте оның құнын төмендету тетіктері жедел түрде әзірленді.
Нәтижесінде авиаотын бағасы тоннасына 1200 доллардан 940 долларға дейін төмендетіліп, алдағы уақытта оны 890 долларға дейін азайту көзделіп отыр. Энергетика министрлігінде бұл шара отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық әуе компаниялары рейстері санын көбейтуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Олардың қатарында Air Atlanta, Hungary Airlines және One Air бар.
МИНИСТРЛІКТЕН РЕСМИ ЖАУАП
Осыған байланысты редакция әуе билеттерінің бағасы төмендеуі мүмкін бе деген сауалмен Көлік министрлігіне жүгінді. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстандағы жолаушылар әуе тасымалы нарығы мемлекеттік реттеуге жатпайды.
Қазақстан Республикасында халықаралық тәжірибеге сәйкес әуе билеттерінің бағасы заңнамалық тұрғыда реттелмейді және авиакомпаниялар тарапынан нарықтық жағдайға байланысты айқындалады. Отандық әуе тасымалдаушылары билет бағасын белгілеу кезінде динамикалық баға белгілеу жүйесін қолданады, – делінген ресми жауапта.
Министрлік өкілдері билет бағасына ең алдымен маусымдағы сұраныс, әуе кемесінің түрі, рейс уақыты, сондай-ақ билетті сатып алу күні және өзге де факторлар әсер ететінін атап өтті.
Сонымен бірге, бағаны негізсіз көтеру фактілері анықталған жағдайда, авиакомпанияларға қатысты антимонополиялық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.








