Бір адамды екі бұйрықпен жұмыстан шығарған: мұғалім мен директордың дауы Астанаға жетті

Өскемен қаласындағы №23 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Назым Егимбердинова директор өзін негізсіз жұмыстан шығарғанын, сол үшін әділдік іздеп Астанаға арнайы келгенін айтады. Сапар барысында ол Tizgin.kz редакциясына хабарласып, еңбек дауына қатысты арыз-өтінішін жеткізді. Назым өз мәселесін тікелей бірінші басшы – оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға бетпе-бет кездесіп жеткізгісі келген. Кездесудің сәті түспепті. Оның өтініші негізінде редакция оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдап, мектеп директорының өзімен де тілдесті. Tizgin.kz тараптардың ұстанымын жан-жақты тыңдап, алыс қаладағы еңбек дауы не себепті Астанаға дейін жеткенін анықтап көрді. 

«Заңсыз жұмыстан шығарылдым» 

Назым Егимбердинова Өскемен қаласы Согра кентіндегі №23 орта мектепте ұзақ жыл қызмет атқарған. Өзінің айтуынша, былтыр 26 желтоқсанда мектеп басшылығы нақты себебін түсіндірместен оны жұмыстан босатқан. Мұғалім еңбек кітапшасына еңбек кодексінің 52-бабы көрсетілгенін, бірақ бұл бапқа негіз болатындай педагогикалық заңбұзушылық жасамағанын алға тартады.

«Мені директор жұмыстан шығарып тастады. Қандай себеппен шығарғанын сұрағанымда нақты жауап бермеді. Еңбек кітапшама 52-бап бойынша боатылғанымды жазыпты. Заңгерлерге көрсетіп едім, олар бұл бапқа сәйкес менің тарапымнан ешқандай педагогикалық заңбұзушылық болмағанын растады», – дейді Назым Егимбердинова.

Мұғалімнің сөзінше, оған қатысты ешқандай акт жасалмаған, жазбаша түсініктеме берілмеген. Ол 22 жылдық еңбек өтілі бар педагог екенін, 2024-2025 оқу жылында оқу ісінің меңгерушісі міндетін уақытша атқарғанын атап өтеді.

«Маған ешқандай түсініктеме қағазы берілмеді. Жұмыста оғаш әрекет жасаған емеспін. Дегенмен директор тарапынан қысым күшейді. Үш мұғалімді үйіме жіберіп, қысым көрсетті. Сабақ өткізбеді деген сияқты негізсіз айыптар тағылды», – дейді ол.

Мұғалімнің айтуынша, бұл жағдайлар қазан айында мектеп асханасында өткен қонақасынан кейін ушыққан. Аталған мектепте директордың рұқсатымен қонақасы ұйымдастырылғанын және мектептегі басқа да мәселелерді Назым білім басқармасына жеткізгенін айтады. Осы жайттардан соң тіпті директорға қатаң сөгіс жарияланған. Бірақ айналып келгенде мұғалімнің өзіне қысым одан әрі күшейген.

«Мен облыстық білім басқармасына, еңбек инспекциясына, прокуратура мен полицияға дейін жүгіндім. Бірақ нақты көмек болмады. Сол себепті Астанаға келіп, министрдің атына арызымды тіркеп кеттім. Бұл істің әділ әрі ашық тексеріліп, мені заңсыз қудалау тоқтатылып, жұмысқа қайта оралармын деп үміттенемін», – дейді мұғалім.

Назым Астанаға келген сапарында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бетпе-бет кездесіп, мәселесін айтпақ болған. Алайда министрмен кездесудің сәті түспепті.

Директор не дейді

Мектеп директоры Нұргүл Таринамен Tizgin.kz редакциясы ұялы телефон арқылы тілдесті. Директордың айтуынша, Назым Егимбердиновамен мектеп басшысы бірнеше рет ашық әңгімелескен. Оның сөзінше, Назым Егимбердинова 2024 жылдың қыркүйегінен бастап бір жыл директордың орынбасары болған, алайда жүктелген міндеттемені атқара алмаған соң бастауыш сынып мұғалімі қызметіне ауыстырылған. Алайда аз уақыттан соң өзін қайтадан әкімшілік қызметке тағайындауды талап еткен. Директордың айтуынша, талабы орындалмаса, барлық мемлекеттік органдарға шағымданатынын мәлімдеген. Дәлел ретінде «аудиожазба бар» дейді директор.

«Мен оған бірден айттым: завуч болу үшін алдымен санатын көтеру керек дедім. Қазіргі біліктілігі сәйкес келмейді. Бірақ ол «дәл қазір тағайындаңдар» деп талап қойды. Мен оны бірден 60-баппен жұмыстан шығарған жоқпын, басқа жерден жұмыс таба алсын дедім», – дейді директор.

Директордың сөзінше, осыдан кейін мұғалім әртүрлі мекемелерге шағым жаза бастаған, ата-аналарды да дау-дамайға тартқан. Осылай деген директор ол әдем нормаларын бұзғанын, қосарлап сабақ өткізіп, оқу кестесінен ауытқығанын,ата-аналарды  жазбаша келісімінсіз білім алушылардың фото және бейнематериалдары түсіріп, желілерге жариялағанын айтады.

«Балалар да бәрін көріп жүрді, өзара әңгіме қыла бастады. Бұл мектеп қой, мұғалім балаларға үлгі болуы керек. Осындай әрекеттерімен ол кәмелетке толмағандарға қандай үлгі көрсетеді. Содан кейін ата-аналар да шағымдана бастады. Осындай жағдайда қалай  жұмыс істеуге болады?» – дейді директор.

Нұргүл Тарина сондай-ақ уақытша тағайындау мәселесіне тоқталып, өткен оқу жылында бұл қызметке келісім білдірген педагог болмағанын, ал биыл біліктілік талаптарына сай педагог-эксперттің тағайындалғанын айтты. Мектеп асханасында өткен қонақасын ол былай түсіндіреді.

«Мектепте бір отбасыдан шыққан педагогтар жұмыс істейді (директордың орынбасары, АӘД пәнінің мұғалімі, орыс тілі пәнінің мұғалімі, химия пәнінің мұғалімі). Аталған отбасының басына ауыр қайғы түсіп, отағасының әкесі қайтыс болды. Мектебіміз тұрған кент аумағында бар болғаны екі ғана дәмхана жұмыс істеп тұрған және олардың екеуі де бос болмады. Осыған байланысты педагогтардың бірі мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасына мектеп асханасында 30-ға жуық көніл айтып келген адамды тамақтандыру туралы өтініш білдірген», — дейді ол.

Директор бұл іс-шараның бір реттік болғанын, оқушылар қатыспағанын және жеке пайда табу фактілері анықталмағанын жеткізді. Тексеру қорытындысы бойынша өзіне тәртіптік жаза қолданылғанын да растады. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мұғалімге қатысты бірқатар тәртіптік және әдеп нормаларын бұзу деректері тіркелгенін, еңбек шартын бұзу шешімі осы фактілердің жиынтығы негізінде қабылданған деп мәлімдейді.

Оқу-ағарту министрлігі: әдеп кеңесіне жүгінсін

Назым Егимбердинованың шағымы негізінде Tizgin.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдаған. Министрлік оның мәселесін «объективті түрде зерделейді» деп білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңеске жүгінуге кеңес береді.

«Еңбек шарты еңбек кодексінің 52-бабы 1-бөлігінің 4-1) тармақшасына сәйкес, қолданыстағы тәртіптік жазасы бола тұра еңбек міндеттерін бірнеше рет тиісінше орындамауына байланысты заңды түрде бұзылған. Қызметкерге алдын ала жазбаша хабарлама жолданып, түсініктеме беру құқығы қамтамасыз етілген. Осылайша, еңбек кодексінің 64–65-баптарының талаптары толық сақталған», — деген жауап келді министрліктен.

Министрліктің бұл жауабы орталықтағылардың бұл дауға дендеп, бас қатырғысы келмегенін білдіреді.

Бір назар аударарлық жайт: мектеп директоры былтыр 26 желтоқсанда Назым Егимбердинованы жұмыстан шығарған бұйрықтың негізсіз болғаны туралы жақында тағы бір бұйрық шығарған. Яғни, Назымның қызметін қалпына келтірген. Тіпті одан бергі уақытқа дейінгі ақшасын төлеп берген. Бірақ артынша 22 қаңтарды көрсетіп, үш апта уақытты орысша айтқанда «вынужденный прогул» деп танып, осы негізде тағы бір бұйрықпен мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген. Назым Егимбердинова өз құқығын енді сотта соңына дейін қорғауға ниеттеніп отыр.