Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова көпшілікке «Бір адам мектепте неше жыл директор болуы керек?» деген сұраққа жауапты бірге іздеуді ұсынды. Tizgin.kz осы тақырыпқа байланысты телеграм-арнада сауалнама жүргізіп жатыр.
Қанша директор қанша жыл еңбек етіп жүр?
Жақында Жұлдыз Сүлейменова бір мектепте бір директор 2+2 формуласы бойынша 4 жыл басшы болуы керек деген ұсынысты ортаға салған еді. Бұл ұсынысы педагогтар арасында көп талқыланды. Бірі қолдады, екіншісі «4 жыл аз мерзім» десті. Осы талқыдан кейін бүгін министр есеп берді. Оның мәліметінше, елде 8048 мектеп бар. 5233 мектеп ауылдарда, 2815 мектеп қалаларда орналасқан. Жалпы 7238 директор қызмет етеді. Олардың 810-ы, яғни 10 пайызы – мектеп басшысы лауазымын уақытша атқарушылар. Директорлардың ішінде әйелдер – 62 пайыз, ерлердің үлесі – 38 пайыз.
Сүлейменованың сөзінше, Қазақстандағы директорлардың орташа еңбек өтілі – 26 жыл. 5 жылға дейінгі директорлардың саны небары 86 адам (1,2 пайыз). 6-10 жыл мектеп директоры болып жүргендер саны – 328 (4,5 пайыз), 11-15 жылға дейінгі мектеп директоры – 759 адам, (10 пайыз), ал 16 жылдан бастап одан жоғары мектеп директоры қызметін атқаратындар саны – 6065 директор (үлесі 84 пайыз).
Сауалнамаға қатысыңыз: Мектепте бір адам неше жыл директор болуы керек
20 жылдан жоғары қызметтегі директоры бар мектеп саны – 129. Оның ішінде Ақмола облысында 23 директор, Жамбыл облысында 10 директор, СҚО-да 24 директор, Павлодар облысында 13 директор, ШҚО-да 12 директор, Ақтөбе облысында 6, Абай облысында 14, Жетісу облысында 5 директор 20 жылдан астам уақыт бойы басшылық қызметте отыр.
«Біз әлі шешім қабылдаған жоқпыз. Бір мектепте 4 жыл жақсы қызметін көрсетсін деп отырмыз. 2+2 жыл бойынша ұсыныстарымыз бар. Ол әлі талқыланып жатыр. Егер басқа ой-пікірлеріңіз болса ортаға салыңыздар», — дейді Жұлдыз Сүлейменова.
«Мектепте бір директор неше жыл директор болуы керек?» деген сауалнамаға мына сілтеме арқылы дауыс бере аласыз.








