145 депутаттан тұратын Парламент не үшін керек – депутат жауап берді

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақстандықтарды жиі толғандыратын конституциялық реформа мен жаңа бірпалаталы парламент, яғни «Құрылтайға» қатысты сауалдарға түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

САРЫМ НЕ ДЕЙДІ

Айдос Сарымның ойынша, депутаттар саны сайлаушылар санына сай келіп тұр.

«Бұл логика халық санына, сайлаушылардың жалпы көлеміне байланысты. Біз қандай да бір әділетті қағидатқа сүйенуіміз керек. Бізде шамамен 14 миллионнан астам сайлаушы бар. Өкілдік осы арқылы қамтамасыз етіледі», – деді ол.

Депутатқа қазіргі сенаторлар жаңа Құрылтайға автоматты түрде өте ме деген сұрақ та қойылды. Айдос Сарымның айтуынша, олар сайлау кезінде партиялық тізімге кірсе ғана Құрылтай құрамына енуі мүмкін.

«Егер партиялық тізімге енсе, келуі мүмкін. Бірақ барлығы бірдей барады деп ойламаймын», – деп нақтылады мәжілісмен.

ТҮЗЕТУЛЕРДІ ПРЕЗИДЕНТ ТЕКСЕРЕДІ

Айдос Сарымның айтуынша, осы аптада түзетулердің қорытынды мәтінін президентке ұсыну жоспарланып отыр. Бүгін және ертең комиссия отырыстары өтіп, онда құжат толықтай қаралмақ. Ұсыныстар салыстырылады, мәтіндер нақтыланып, салыстырмалы кесте пысықталады.

«Бұл – дұрыс қадам. Адамдар бір-бірімен пікір алмасады, баспасөзге шыққан ақпараттар мен әлеуметтік желілерді оқиды. Ауқымды отырыстан бөлек, өздеріңіз білетіндей, үш секция бар. Негізгі, қызу пікірталастар сол секцияларда өтеді. Комитеттер бар, жұмыс топтары бар», – деді ол.

Сондай-ақ депутат кеше комиссия жетекшілері президент қабылдауында болғанын, сол жерде жаңа идеялар мен ескерту алып қайтулары мүмкін екенін атап өтті. Қазір ұсыныстарды жинақтап, мәтінді соңғы мәрте өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.