Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақауов мәжіліс кулуарында ресейлік пропогандашы Владимир Соловьевтің атышулы пікіріне байланысты сұраққа жауап берді. Ол Соловьевтің пікірі Ресей мемлекетінің ресми ұстанымы емес деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Соловьевтің сөзі Ресей елінің ресми ұстанымы емес. Ол өзінің ой-пікірі. Ол бір ғана кісі емес, басқа да саясаткерлері жеке пікірін анда-санда білдіріп тұрады. Ресми ұстаным болмағаннан кейін оған ресми ұстаным болмайды», — деді Бақауов мәжіліс кулуарында.
Министрдің орынбасары мәселе елшіліктердің бақылауында екенін айтты. Бақауов «Ресей елі неге сол кісіге шара қабылдамайды?» деген сұрақты Астанада орналасқан Ресей елшілігіне жолдауды өтінді.
«Ал ҰҚШҰ шарттарын қайта қарауға мүмкіндік бар ма?» деген сұраққа кез келген ұйымның шарттарын қарауға мүмкіндік барын айтты. ЕАЭО жайлы да солай пікір айтты.
ӘҢГІМЕ НЕ ЖАЙЛЫ
Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв жақында Орталық Азияны «біздің аймақ» деп атап, Ресей өзінің «ықпал ету аймағының» өзге бөліктерінде де «арнайы операциялар» бастауы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Бұл туралы ол өзінің телешоуының эфирінде айтты. «Қажет болса, халықаралық құқықты елемейміз» деді Соловьёв АҚШ-тың басқа өңірлердегі, соның ішінде Венесуэладағы әрекеттеріне Ресейдің ықтимал жауабын сөз ете отырып. Оның айтуынша, Орталық Азия мен Кавказдағы мәселелер Мәскеу үшін Латын Америкасындағы жағдайдан әлдеқайда маңызды. Сонымен қатар ол Армениядан айырылу және Орта Азиядағы тұрақсыздық (тележүргізуші қолданған атау — «Средняя Азия») Ресей үшін «алып проблемаға» айналуы мүмкін екенін ашық айтты.








