«Теңіз» кен орнындағы мұнай өндірісі қашан қалпына келеді – министр жауап берді

Елдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі саналатын «Теңіздегі» мұнай өндірісі кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Ресми мәліметпен Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бөлісті. Оның сөзінше, қазір «Королев» кен орнында мұнай өндіру толықтай қайта жанданып, ал Теңіз кен орнында іске қосу кезеңі басталған.

Министр мәлімдеуінше, осы қарқын сақталса, Теңіз кен орны алдағы бір апта ішінде толық өндірістік қуатына шығады.

Өрт салдарынан істен шыққан үш трансформатордың бірқатар бөлігі қайта қалпына келтіріліп, соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі біртіндеп арта бастаған.

18 қаңтарда Теңіз кен орнында екі трансформаторда өрт шыққан. Осы оқиғадан кейін кен орнының операторы – «Теңізшевройл» қауіпсіздік мақсатында мұнай өндіруді уақытша тоқтатты. Ал 26 қаңтарда компания өндірісті қайта бастауға кіріскенін растады.

Теңіз кен орны – Атырау қаласынан шамамен 350 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан және мұнай қоры бойынша «Қашағаннан» кейінгі екінші ірі кен орны.