Еуропаның тағы бір елі 15 жасқа толмағандар үшін әлемжеліге тыйым салмақ

Франция парламентінің төменгі палатасы 15 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды көздейтін бастаманы мақұлдады. Президент Макронның өтінішімен құжат жедел тәртіпте қаралып жатыр. Билік өкілдері заңды ақпан айының өзінде қабылдауды жоспарлайды, деп жазады DW.

Францияның ұлттық жиналысы 15 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге қол жеткізуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Құжатты 26 қаңтар күні өткен дауыс беруде 116 депутат қолдап, 23-і қарсы шықты. Енді заң жобасы парламенттің жоғарғы палатасы – сенат қарауына жолданады.

Заң жобасында 15 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуіне тыйым салынатыны көрсетілген. Le Monde басылымының мәліметінше, бұл тұжырым әлеуметтік желілерге тікелей міндет жүктемейді, өйткені олардың қызметін реттеу Еуропалық комиссияның құзыретіне жатады. Дегенмен Франция үкіметі мұндай норма онлайн-платформаларды жас тексеру жүйелерін енгізуге мәжбүрлеуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Құжатта сондай-ақ 2018 жылдан бері коллеждерде қолданыста болған ұялы телефон пайдалануға тыйымды кеңейту ұсынылған. Енді бұл шектеуді жоғары сыныптарға да енгізу жоспарланып отыр.

Президент Эмманюэль Макронның өтінішімен заң жобасы жедел тәртіпте қаралуда: әр палатада екі оқудың орнына бір ғана оқу өткізіледі. Бұрынғы премьер-министр Габриэль Атталь Сенат заңды ақпан айының ортасына дейін қабылдайды деп үміттенетінін айтты. Оның сөзінше, заң күшіне енсе, 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа толмағандарға жаңа аккаунт ашуға тыйым салынып, ал жыл соңына дейін платформалар олардың бұрынғы аккаунттарын жоюға тиіс.

Макрон бұл бастаманы толық қолдайтынын білдіріп, балалардың санасы шетелдік платформалардың ықпалына берілмеуі тиіс екенін атап өтті.