23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші көз жұмды. Құрлық әскерінің хабарлауынша, ол «өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмған», деп жазады Tizgin.kz.
Әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
«Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын объективті және жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен комиссия жұмыс жүргізуде», — делінген ресми хабарламада.
Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтатынын, отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлайды.








