«Ешкім ешкімді ұрған жоқ»: белгілі спортшы Сәпиев-Есімханов дауы неден туғанын айтты

Азия дзюдо одағының басшысы, белгілі спортшы Айдар Махметов Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімхановтың текетіресі жөнінде өз нұсқасын айтты, деп жазады Tizgin.kz.

«Мен Серік Сәпиевпен жаңа ғана сөйлестім. Оның орынбасары Есімхановпен арада туындаған жағдай тек қызметтік мәселелерге байланысты болған. Қақтығыс қажетті құжаттарды ұсынудан бас тарту себепті орын алған. Арнайы атап өтемін: қандай да бір дене күшін қолдану фактісі болған жоқ. Бұл бағыттағы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ешкім ешкімге қол көтерген жоқ. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін расталмаған қауесеттерді таратпауға шақырамын», — дейді ол.

Айдар Махметов кикілжің толықтай реттеліп, тараптар өзара түсіністікке келді дейді. Алайда кейіннен Серік Сәпиев соққыға жығу фактісі бойынша полицияға арыз жазған.

Қарағанды облысының полиция департаменті Tizgin.kz порталына Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған еді.