Tizgin.kz порталына Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданынан хабарласқан Айымгүл Артықбаева үйіне жақын тау бөктеріндегі жарылыс жұмыстарының салдарын көріп отырмыз деп шағымданды. Гүрс еткен дыбыстан үйі дірілдегенге шыдап келген ол қабырғада жарықшақ пайда болған соң ресми органдарға арыз жазған. Алайда жарылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жауапты компания оның шағымымен келіспейді.
«НЕ ІСТЕРІМДІ БІЛМЕЙМІН»
Айымгүл Артықбаева 2022 жылдан бастап Зайсандағы таудың етегінде – Алмалының тұсындағы тау жыныстарын компанияның бірі жарып жатқанын айтады.
«Дүңкілдетіп, тарсылдатып жарады. Жарылыс сайын менің үйім дірілдейді. Үйіміз Зайсанға кіреберістегі Баймұрат батыр ескерткішіне қарама-қарсы тұр. Жарылыстың тікелей толқыны біздің үйге келеді», — дейді ол.
Осыдан кейін Айымгүл аудандық прокуратураға арыз жазған. Прокуратура хатты «жарылыс жұмыстарына рұқсат беретін ТЖД» деп төтенше жағдайлар департаментіне бағыттаған.
«Ол карьерді «UKG Story» деген компания жарады екен. Көктемде тіптен қатты жарған. Мәселе былай: бұлар жарылыс жасаған сайын үйіміз дірілдеп, аспашам шайқалатын болды. Оған мән бермеп едім, осы жарылыстардың кесірінен екені анық – қабырғамда үлкен жарықшақ пайда болды. Арғы жағынан суық жел соғып тұр. ТЖД-дан екі маман келіп көрді. Барлығын «иә, сіздің үйге тікелей толқын келеді екен, қабырға жарылып кетіпті» деп кетіп еді, кейін бізге ысырыпсалма жауаптарын жіберді. «Сіздің үйіңізге ешқандай қаупі» жоқ дейді. «Онда менің үйім неге дірілдейді?» десем жауап бермейді», — дейді Айымгүл Артықбаева.
Оның сөзінше, үйінен ары тұратын көршісі де жарылыс сайын үйі дірілдейтінін айтқан.
«Спутниктен жасаған картадан көресіз: тауға обал – быт-шытын шығарып ойып тастаған. Не істерімді енді білмей отырмын. Күні ертең жарылыс жалғаса берсе, үйіміз құлап қала ма деп қорқамыз», — дейді ол.
Жарылыс жұмыстарының бір видеосын Айымгүл Tizgin.kz редакциясына жолдады.
ТЖД ЖАУАБЫ
Айымгүл Артықбаева арыз жазғаннан кейін Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті «UKG STROY» ЖШС-ға жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеру мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізетінін хабарлаған. Тексерістен кейін жарылыс жұмыстарына ең жақын тұрғын үйге дейінгі қашықтық – 2,2 шақырым, ал өтініш берген Айымгүл Артықбаеваның тұрғын үйіне дейін – 3,2 шақырым екенін хабарлаған.
«Қауіпті қашықтықтың есептік мәні үлкен жағына қарай 50 м-ге еселенетін мәнге дейін дөңгелектенеді, яғни тастың ұшу радиусын ескере отырып қауіпті аймақ 200 метр деп қабылданады. Жарылыс кезінде сейсмикалық қауіпсіз қашықтықты есептеу бойынша анықталған – 32,5 метр. Жер бетінде жарылыс кезінде ғимараттар мен құрылыстарға арналған соққы ауа толқынының әсерінен қауіпсіз қашықтық есептеу арқылы анықталғаны – 78 метр. Сондай-ақ жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсатта қосымша қауіпсіздік шаралары қарастырылған, атап айтқанда: зарядталған ұңғымалар 1,5 метр қалыңдығындағы жұмсақ топырақ немесе саз қабатымен көмілген», — делінген жауапта.
ТЖД тау жыныстарының (топырақтың) ұшып шашылу мүмкіндігі жойылатынын, бірақ барынша қауіпсіз болу үшін 40 метр радиустық қауіпті аймақ белгіленетінін атап өткен. Онда адамдардың, жануарлардың, техниканың, ғимараттар мен құрылыстардың болуы қатаң тыйым салынады.
«Форс-мажорлық жағдайлардың алдын алу үшін адамдар мен жануарлар жарылыс орнына кемінде 500 метр, ал техника кемінде 100 метр қашықтыққа шығарылуы тиіс. Тексеру қорытындысы бойынша өндірістік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталған жоқ», — деп жауап берген ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Ринат Имашев.
«МҮМКІН ЕМЕС»
Tizgin.kz порталы жарылыс жұмыстарына жауапты «UKG STROY» ЖШС иесі Жәнібек Сейітовпен сөйлесті. Оның берген жауабында UKG STROY – Зайсан ауданы Сәтпай ауылының маңында салынып жатқан әуежай құрылысы объектісінде (құрылыс карьерінде) бұрғылау-жару жұмыстарын орындайтын мердігер ұйымдардың бірі деп көрсетілген. Әуежайдың өзін «Элхон» ЖШС салып жатыр. Бұрғылау-жару жұмыстары әуежай құрылысына қажетті инертті материалды жеткізу үшін жүргізілген.
«Айымгүл Артықбаеваның жолдаған шағымы бізге белгілі. Соның негізінде ТЖД біздің кәсіпорынға тиісті тексеру жүргізді. Оның нәтижелері бойынша қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жоқ, сондай-ақ уәкілетті органға заңнамада көзделген барлық қажетті рұқсат беру және өзге де құжаттар толық көлемде ұсынылды», — дейді ол.
Компания ТЖД жауабын қайталап, Айымгүл Артықбаеваның тұрғын үйі бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізген аумақтан шамамен 3 200 метр қашықтықта орналасқанын атап өтеді. Сол себепті жұмыстардың аталған тұрғын үйге қандай да бір зақым келуі техникалық тұрғыдан мүмкін емес деп есептейді. UKG STROY өз қызметінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау талаптарын қатаң сақтауды негізгі басымдық ретінде ұстанатынын айтады.
«Сіз ұсынған бейнематериалда көрсетілген жару жұмыстарының біздің кәсіпорынның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін ерекше атап өтеміз. Аталған аумақта біз жұмыс жасаған карьерге іргелес орналасқан өзге де көршілес карьер бар, онда да бұрғылау-жару жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, көршілес карьер Омбы–Майқапшағай автомобиль жолының құрылысы үшін шикізат өндіру мақсатында пайдаланылған. Айымгүл Артықбаеваның тұрғын үйінде жарықшақтардың пайда болуын біздің кәсіпорынның қызметімен байланыстыруына қандай нақты негіздер бар екендігі бізге белгісіз, сондай-ақ аталған азаматтың біздің кәсіпорынды айыптауы объективті дәлелдермен расталмаған деп есептейміз», — делінген жауапта.
Айта кетейік, жарылыс жұмыстары бұл күнде тоқтатылған. Омбы-Майқапшағай тас жолы салынып біткен, әуежайдың да құрылыс жұмыстары шегіне таяған. Десе де, Айымгүл күні ертең басқа жобалар бойынша карьерді қайта жарып, соның салдарынан үйіміз құлап қалмай ма деп алаңдайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








