Полиция Каспий құбыры жарылған кезде жағымсыз пікір айтқандарды тергеп жатыр

Астана қаласының полиция департамениі Украина әскері Каспий құбыр желісі консорциумына залал келтірген кезде кейбір азаматтардың жағымсыз пікір айту фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АСЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Бас прокурор Берік Асылов депутаттарға берген жауабында айтылғандай, қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігімен (ұлттық алауыздықты қоздыру) басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол адамдарды анықтап, олардың кінəсін растайтын дəлелдемелерді жинау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. 

«Соның нәтижесі бойынша олардың əрекеттері түпкілікті сараланып, процестік шешім қабылданады. Бұдан бұрын Бас прокуратура масс-медиада заңсыз контенті бар жалған ақпарат пен басқа да жарияланымдарды таратуға жол берілмейтіні, сондай-ақ мұндай əрекеттер үшін қылмыстық жəне əкімшілік жауаптылық көзделетіні туралы ескертетін баспасөз хабарламасын жариялаған болатын. Азаматтармен осындай түсіндіру жұмыстарын жергілікті прокурорлар тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мəдениет жəне ақпарат министрлігі де өз тарапынан халық арасында масс-медиа арқылы, оның ішінде сіздер көтерген мəселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, ол туралы сіздерге аталған ведомство ақпарат береді», — делінген Асыловтың жауабында.

Еске сала кетейік, Айдос Сарым 2025 жылы қараша айының соңында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне елеулі қатер төнді деп мәлімдеген еді. Сөзінше, бұған ел үшін аса маңызды экспорттық инфрақұрылым нысаны – Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалының жұмысы бұзылуы себеп болған. 

«Новороссийск қаласы маңындағы КҚК терминалына теңіздегі ұшқышсыз дрондар арқылы жасалған шабуыл салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы (ВПУ-2) істен шықты. Ал қазір ВПУ-3 жоспарлы жөндеуде тұрғандықтан, терминал тек бір ғана ВПУ-1 құрылғысымен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл оның өткізу қабілетінің айтарлықтай төмендеуіне апарып соқты. Мұнай тасымалы көлемінің қысқаруы ел экономикасы үшін елеулі тәуекелдер мен шығындарға соқтырады. КҚК арқылы түсетін жылдық экспорттық кіріс шамамен 30 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның үштен бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына бағытталып, елдегі жалпы салық түсімдерінің шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді. Сарапшылардың бағалауынша, терминал жұмысының ұзақ уақытқа тоқтауы ай сайын 500 млн АҚШ долларына дейінгі ықтимал шығынға әкелуі мүмкін», — дейді депутат.

Айдос Сарымның сөзінше, қалыптасқан жағдай тек сыртқы қатерлерді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуін талап ететін ішкі мәселелерді де айқындап отыр. Ал әлеуметтік желілерде аталған мемлекет үшін аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдарды ашық түрде қолдап, мақұлдайтын азаматтардың жарияланымдары пайда бола бастаған. Сарым мұндай әрекеттер сөз бостандығының конституциялық шегінен шығып, ұлттық мүдделерге тікелей зиян келтіреді деп санайды.

Осыған байланысты, Айдос Сарым құзырлы мекеме басшыларынан Қазақстан үшін аса маңызды инфрақұрылым объектілеріне соққы беруге жария түрде шақырған азаматтардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді, аталған әрекеттерді Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) және 175-бабы (мемлекетке опасыздық) бойынша саралау мүмкіндігін қарастыруды өтінген.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірген еді. Алайда Украина өз мүддесіне қарай жауабын жолдады. 

Ал энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кіріскен.