KazTAG басылымының бас редакторы Әмір Қасенов ұсталды
Астанада KazTAG бас редакторы Әмір Қасенов ұсталды, деп хабарлайды басылымның өзі.
«Жаңа ғана сағат 19:00-де Астананың Есіл аудандық полиция бөліміне тергеу әрекеттеріне шақырылған KazTAG бас редакторы Әмір Қасеновтің ұсталғанын адвокаттары хабарлады. Мұны құқық қорғау органдары мен тапсырыс берушілер – Турлов пен Freedom Finance тарапынан жасалған құқықтық бассыздық деп санаймын. Егер Қазақстанда әділдік бар болса, Әмірге тағылған барлық айып алынып, ол бостандыққа шығуы тиіс», – деп жазды агенттіктің бас директоры Әсет Матаев өзінің Telegram-арнасында.
Адвокат Рена Керимованың айтуынша, Қасеновті ұстау – қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі бойынша (орташа ауырлықтағы қылмыс) тағылған айып үшін шамадан тыс қатаң шара. Аталған баптың санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
«Бұл – құқық қорғау органдарының психологиялық қысым көрсету және заңсыз тергеу әдістері туралы жасалған мәлімдемелерге берген жауабы секілді әсер қалдырады. Тергеу соты бұл жағдайға тиісті құқықтық баға беріп, қамауға алу санкциясын беруден бас тартады деп үміттенемін», – деді адвокат.
Өткен аптада Freedom Finance компаниясымен дауы бар KazTAG басылымының басшылары Астанада баспасөз мәслихатын өткізген еді. Олармен бірге «Freedom Finance-қа алдандық» деген салымшылар да жиында сөз сөйлеген.

Tizgin.kz редакциясы осы жиыннан кейін Freedom Finance компаниясының басшысы Тимур Турловқа ресми сауал жолдаған болатын. Бұл даудағы банктің ұстанымын мына сілтемеден оқи аласыздар.