Мемлекеттік сатып алу: заттарды негізсіз қымбаттатуға енді жол берілмейді

Мемлекеттік сатып алуды іске асыру қағидаларына жаңа өзгерістер енгізілді. Аудиторлар ол өзгерістер бюджет шығындарының тиімділігін арттыруға бағытталғанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz. 

Мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға қатысты жүргізілген кейбір аудиттердің қорытындылары бойынша заңнамада жүйелі кемшіліктер анықталғанын аудиторлар анықтаған. Аталған кемшіліктер тауарларды, жұмыс және қызметтерді жеткізушілердің міндеттемелерін тиісінше орындамауына мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі сараптамадан кейін жеткізушілердің жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу арқылы қосымша қаражат бөлу туралы сұрау мүмкіндігіне ие болуына байланысты туындады. Осыған байланысты Үкіметке мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін қарау ұсынылды. Жеткізушіні таңдау шарттарының бірі ретінде қолданылатын баға жеңілдігін қолдану тәртібін нақтылау ұсынылды», — делінген хабарламада.

Осының нәтижесінде қаржы министрінің бұйрығымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына тиісті түзетулер енгізілген.

ҚАНДАЙ НОРМА БЕКІТІЛДІ

Енді мынандай норма бекітілді: егер шартқа сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты шарт сомасын ұлғайтуға әкелетін өзгерістер енгізілсе, шарт сомасын ұлғайту конкурс шеңберінде әлеуетті жеткізуші ұсынған бағаны беру кезінде есептелген демпингтің ең төменгі шектік мәнін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл өзгеріс мемлекеттік шарттар сомасын ұлғайту кезінде баға шарттарын неғұрлым нақты ескеруге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде бюджет шығыстарын оңтайландыруға ықпал етеді.