«Қара жұма» науқаны қанша қазақстандықты қарызға батырды

inTech компаниясы Prosper Pay пен IT-компаниясы Biometric.Vision жүргізген зерттеу бойынша, әр төртінші қазақстандық Қара жұмадағы жеңілдіктер игілігін көру үшін несие алған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ЖЕҢІЛДІКПЕН ҚҰР ҚАЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Зерттеу деректері көрсеткендей, қатысушылардың 25%-дан астамы арнайы акциядағы тауарларды сатып алу үшін қарыз алғанын мойындаған. Негізгі себеп сол, айлыққа дейін қолдағы қаражат түгел таусылған. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі дәл осы кассалық айырмашылық олардың қарыздануына себеп болғанын айтқан.

Сонымен қатар, 16,7% респондент үй мен отбасыға қажетті тауарларды жеңілдіктерге жүгінбей алғанда әлдеқайда қымбатқа түсетінін ойлап, несиені құп көрген.

Эмоциялық қысым да әсер еткен көрінеді. Сатып алушылардың 31,4% агрессивті маркетинг пен тиімді ұсынысты өткізіп алмайын деп қарызға батқанын мойындаған.

Зерттеу көрсеткендей, әдетте қарыз үлкен техника үшін емес, бірнеше кішігірім онлайн-сатып алулар үшін алынған. Әдепкі күндері олар бюджет шегінде болғанмен, жеңілдіктер кезеңінде адамдар FOMO (өткенді өткізіп алу қорқынышы) әсеріне ұшырайды.

ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫНА ДА ҚАРЫЗ

Нәтижесінде көпшілік достарынан, туыстарынан немесе қаржы ұйымдарынан ақша алып жатады.

Қарыз алғаннан кейін 55,9% респондент қиындыққа тап болған:

  • 16,7% – айлыққа дейін қаражат жетпей қалды;
  • 12,2% – төлемдерді дұрыс жоспарламай, төлемде қиындықтарға душар болды;
  • шамамен 27% – қаржылық стресс сезініп, ақшаны басқару тұрақсыз болды.

Шын мәнінде, несие көптеген адам үшін негізгі қажеттіліктерді уақытша жабудың тәсіліне айналған. Бірақ онымен қоса, пайыздар мен комиссиялар да барын ескеру қажет.

Зерттеудің тағы бір маңызды қорытындысы: респонденттердің жартысынан көбісі егер жұмыс берушіден аванс алуға мүмкіндік болса, несие алудан бас тартатынын айтқан. Айлықтың бір бөлігін тез алу мүмкіндігі микронесиеге тәуелділікті азайтып, қауіпсіз балама саналатын көрінеді.

«Көпшілік микронесиеге тек өз жалақыларын сол сәтте ала алмағандықтан жүгінеді. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, аванс алу мүмкіндігі қарыз алу қажеттілігін айтарлықтай азайтады», – дейді Prosper Pay директоры Бейбіт Жантурин.