Әртістерге фонограмма қолдануға тыйым салынды – Президент құжатқа қол қойды

Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға кітап қорының сақталуы мен дамуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелді, деп хабарлайды, деп хабарлайды  Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

БАЛА АСЫРАУ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі ақпаратынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев концерттер кезінде дауыс жазбаларын (фонограмма) пайдалануға тыйым салуды көздейтін «Мәдениет туралы» заңға қол қойды.

«Мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдағы алғашқы түзетулер блогы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейтеді.

Енді баланы асырап алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеуде басым құқық баланың жақын туыстарына беріледі. Ал ондай адамдар болмаса, ресми некедегі азаматтар құқылы болады.

Екінші түзетулер блогы санитариялық- эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін нақтылайды. Мемлекеттік бюджет есебінен балаларға тамақтану, тұру, медициналық көмек, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарға қатысты реттеу тетіктері енді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның құзырына беріледі. Осыған байланысты тиісті нормалар Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталды.

МИНИСТРЛІК БЕКІТКЕН ҚАҒИАДАЛАР

Үшінші түзетулер блогында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын рейтингтік көрсеткіштерді бағалау әдістемесі негізінде ранжирлеу енгізілді. Бұл әдістемені және ранжирлеу қағидаларын Оқу-ағарту министрлігі бекітеді. Ал жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын ранжирлеу тәртібін Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды.

Төртінші түзетулер блогы концерттер кезінде фонограммаларды пайдалануға толық тыйым салуды бекітеді (телевизиялық жазбалар және арнайы жабдықталмаған орындардан басқа жағдайларда). Сонымен қатар авторлық құқық нысандары болып табылатын шығармаларды бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларда жария түрде пайдалану кезінде автордың есімін көрсету міндеттелді.

Жергілікті атқарушы органдарға кітапхана қорын сақтау және дамыту бойынша шаралар қабылдау құқығы берілді.

Заңмен Жер кодексіне, Бюджет кодексіне, Кәсіпкерлік кодексіне, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Мәдениет туралы», «Білім туралы», сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді.

МӘН-ЖАЙЫ

Қараша айының басында Сенатта «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер талқыланған кезде, фонограмма қолдану тыйымын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелетіні айтылған. Айыппұл көлемі 1000 АЕК-ке дейін (3 932 000 теңге) салынуы мүмкін делінді.

Сенаторлар мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын қараған болатын. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген.

Сенат аппаратының жетекшісі Максим Споткай Telegram-да жазғандай, депутаттар заң жобасын тұтастай қолдады, бірақ бірқатар баптарға қосымша редакциялар енгізуді ұсынды.