Рахмоновтың UFC-дің экс-чемпионына қарсы жекпе-жегі неге өтпегені белгілі болды

Жартылай орта салмақтағы UFC-дің бұрынғы чемпионы, америкалық Камару Усман жеңілмеген Шавкат Рахмоновпен октагонға шығуға дайын болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Усманның менеджері Әли Абдель-Азиз мәлімдеді. Оның айтуынша, жекпе-жекке қатысты келіссөздер өткен жылдың күзінде-ақ басталған.

Көпшілік мұны білмейді, бірақ Камаруға өткен жылдың қарашасында Шавкатпен жекпе-жек ұсынылған және Камару бұл айқасқа келісім берген. Ол кезде Шавкатқа не болғанын білмеймін. Жарақат алды немесе басқа да жағдай болған сияқты, — деді Абдель-Азиз MMA Junkie-ге берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов октагонға соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында шыққан болатын. Ол кезде қазақстандық файтер ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген. Осы кездесуден кейін «Көшпенді» жарақат алып, ұзақ уақыт бойы қалпына келді.