Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Бибек Жүнісов жыл сайын мектептердің керек-жағына (А4 бет, картридж, принтер, бор) бөлінетін қаражатты мұғалімдерге таратып беруді ұсынған еді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Tizgin.kz порталына берген жауабында осы сұраққа жауап берді.
Министр мемлекеттік сатып алудағы ашықтықты қамтамасыз етуге байланысты тетіктерді жетілдіру керек деген пікірмен келіседі, бірақ мұғалімдердің бәріне таратып беру керек деген ұсынысты ойласу керек деп санайды.
«Оның өзінің процедурасы, заңнамалық негіздері бар. Ең бастысы, мемлекеттік сатып алудағы ашықтық, бағаның тиімділігі, шын мәнінде бөлінген қаражаттың мұғалімге жету мәселесін жетілдіруге әзірміз», — деді ол.
Министрдің сөзінше, қаражат жергілікті атқарушы органдардан бөлінеді.
Бибек Жүнісовтің айтуынша, бір жылда мемлекет бюджетінен мектеп мұғалімдеріне 250 миллиард теңгеден бөлінеді. Ол ақшаға А4 қағаздар, принтер, картридж, әртүрлі компьютерлер, шаруашылық, кеңсе, спорт тауарлары, кабинетті жөндеу, ақпараттық стенд секілді заттар сатылып алынады.
«Алайда көптеген оқытушылар «бізге ол заттар жетпейді, келмейді» деп жазып жатады. Бір мұғалім тіпті «мектепте жұмыс істеп жүргеніме 40 жыл болды, бірде бір А4 қағаз берген жоқ» дейді. Бұл – жүйелі, жылдан жылға жалғасып келе жатқан проблема. Оны шешу қажет», — дейді Бибек Жүнісов.
Сарапшы бұл жүйелі әрі бұрыннан келе жатқан проблема екенін айтты. Сонымен қатар, шешімін ұсынды: ең дұрысы – әр мұғалімдерге айлығына қосымша ретінде керек-жарағына бөлінетін ақшаны қосып берген дұрыс деп есептейді Жүнісов.








