«Орда» басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үстінен бірден бірнеше қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақпаратты порталға Алматы қаласы полиция департаменті растады.
«Алматы қаласы Полиция департаментіне келіп түскен өтініштер негізінде О. ақпараттық ресурсының редакторы азаматша Б.-ға қатысты қасақана және бірнеше рет жалған мәліметтер тарату деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды», — делінген хабарламада.
Құзырлы орган тергеу шаралары аясында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексеріліп жатқанын хабарлайды.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған. Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген. Полиция бұдан бөлек, өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексерістер жүргізілуде. Аталған жарияланымдарда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкіндігі қарастырылып отыр», — делінген жауапта.
Полиция Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын, жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленгенін қосады.
«Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жайлар қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталатын болады», — делінген жауапта.
Орда басылымының телеграм-арнасында мынадай қысқа ақпарат жарияланды:
«Біздің кеңседегі әріптестерімізге шамамен бір сағаттан бері байланысқа шығу мүмкін болмай тұр, олардың телефондарын алып қойған болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Редакцияда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, айналада қара киім киген адамдар жүр, ешқандай нөмірсіз машиналар тұр. Қазір жағдайды Orda.kz заңгерлері анықтап жатыр, біз сіздерді бұдан хабардар етіп отырамыз».








