Аталған банктер 2017–2018 жылдары қаржылық қолдау ретінде мемлекеттен қаражат алған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, үш банк мемлекеттен алған көмекті бюджетке толық қайтармаған. Оның дерегінше, соңғы бір жыл ішінде Halyk Bank (250 млрд теңге), Банк ЦентрКредит (60 млрд теңге) және Bank RBK қарыздарын толық өтеген.
«Кеше олар 178 млрд теңге қайтарды. Биыл барлығы шамамен 230 млрд теңге қайтарылды. Nurbank – шағын банк. Сондықтан оған бөлінген мемлекеттік көмек те аз болды, 4,5 млрд теңге қайтарды. Ал Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) өткен жылы 100 млрд теңге, биыл 150 млрд теңге қайтарды», – деді Сүлейменов Ұлттық банк брифингінде.
Сондай-ақ соңғы бірнеше жылда банктер мемлекеттік көмектің жалпы сомасы 700 млрд теңгеден астамын қайтарғанын қосты.
«Қазір баланста мемлекеттік көмек Nurbank-те ғана қалған. Ол шағын, банк айналымы үлкен емес болғандықтан, қаражатты кезең-кезеңімен мерзімінен бұрын қайтарады. Олар мүмкіндігінше кезең-кезеңімен қайтаруға келісті. Сондай-ақ қарыз Еуразиялық банк пен Alatau City Bank-де қалған», – деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.
Бұған дейін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысы Мадина Әбілқасымова банктер Қазақстанға мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтаратынын және 2045 жылға дейін созбайтынын айтты. Депутаттар өз кезегінде банктерге қаражатты қайтару бойынша төмен пайыздық ставкалардың тым аз екеніне наразылық білдірген. Мысалы, Alatau City Bank 2045 жылға дейін 860 млрд теңгені 0,1% ставкамен қайтаруы тиіс.








