Шахмұрат Мүтәліп «Казцинкті» шетелдіктерден сатып алғысы келеді

Қазақстандық ірі құрылыс компаниясы Integra Construction иесі, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп швейцариялық трейдер Glencore Plc компаниясымен «Казцинктің» 70% акциясын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.kz-ке сілтеме жасап.

«КАЗЦИНК» КӨРСЕТКІШІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ

Бұл туралы Bloomberg агенттігі жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

«Казцинк» — елдегі мырыш пен алтын өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі, ал оның 70,2% акциясы Glencore Plc-ке тиесілі. «Курсив» басылымы 24 қарашада Integra компаниясына ресми сұрау жолдағанымен, әзірге жауап алмаған.

Glencore жариялаған есепке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында «Казцинк» өз кенінен өндірілетін мырыш көлемін 3%-ға азайтып, 61,8 мың тоннаға жеткізген. Ал мырыш концентратының көлемі 13%-ға өсіп, 37,2 мың тоннаға жеткен. Мыс өндірісі 14%-ға қысқарып, 7,7 мың тоннаны құраса, алтын өндірісі — 7%-ға төмендеп, 281 мың унция болған. Күміс өндіру 6%-ға өсіп, 1,647 млн унцияға жетті.

Бұдан бөлек, Bloomberg-тің басқа дереккөздері Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс» компаниясын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған. «Қазақмыстың» негізгі иесі — Forbes тізімі бойынша байлығы 5,7 млрд долларға бағаланған Владимир Ким, ол елдегі ең бай адамдардың үштігіне кіреді.

eGov дерегінше, Integra Construction KZ компаниясының ортақ иелері — Management&Construction Ltd. мен Шахмұрат Мүтәліп. Мүтәліп аталған компанияның жалғыз қожайыны әрі Қазақстан бокс федерациясының президенті болып саналады.

МҮТӘЛІП ПЕН АРТЫҚБАЕВТЫҢ МҮЛКІ ЖАЙЛЫ

2024 жылдың тамызында Integra Construction KZ Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысына негізделген электр станциясын салу жөніндегі консорциумға кірген. Жобаны «ПГУ Туркестан» компаниясы жүзеге асыруда, оның жалғыз иесі — «Самұрық-Қазына».

Нұрлан Артықбаев пен Шахмұрат Мүтәліп қараша айында Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесіп, елдегі құрылыс саласының дамуын талқылаған.

2022 жылдан бастап, яғни 35 жастағы Мүтәліп Integra компаниясын толықтай біріктірген соң, оның бизнесі айтарлықтай өркендеді. Мемлекеттік сатып алу деректеріне сенсек, биыл компанияның мемлекеттік тапсырыстардан түскен табысы шамамен 206 млрд теңге ($398 млн) болып, 2021 жылғы 42 млрд теңгемен салыстырғанда едәуір артты.

Ал 50 жастағы Нұрлан Артықбаев Qazaq Stroy компаниясын мемлекеттік қолдау аясындағы тұрғын үй құрылысы арқылы қарқынды дамытқан. Ол сонымен қатар Qazaq Kalium Ltd. компаниясын басқарады. Бұл компания 2023 жылдан бері Сатимола калий кен орнында жұмыс істеп, 2035 жылға дейін 2,4 млрд доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр.