Батыс Қазақстан билігі тасқын кезінде мұғалімге берген үйді неге даулап отыр

Батыс Қазақстанда тасқыннан кейін азаматтарға үй берген әкімдік енді сол үйлерін сотта дауламақ. Былтыр тасқынмен алысқан мұғалім Айнұр Сабыр үй алуға құқығы барын дәлелдеу үшін биыл әкім Төреғалиевпен алысуға мәжбүр болып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, мұғалім Айнұр Сабыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің үстінен шағымданған еді. Оның сөзінше, 2024 жылы Оралдағы газы, суы тартылған үйі суға кеткен. Президент сол тұста «зардап шеккен адамдар үйсіз қалмасын» деп тапсырма берген соң Орал қаласы әкімдігі арнайы комиссиямен қарап, суға кеткен үйлерді тұруға жарамсыз деп танып, орнына үй берген.

«Енді қазір БҚО әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарды сотқа беріп, қала әкімдігі берген үйлерді заңсыз деп тануды сұрап отыр. Бізге бұл үйді берерде құжаттарды тексерістен өтті. Суға кеткен үй-жайымызды жерімен бірге үкіметке өткіздік. Қазір ол біздің атымызда жоқ, үйлер сүрілді, орнын сипап қалдық. Маған үйді «Алагеум Трансформатор» зауыты алып берген. Енді қылышын сүйретіп қыс келгенде облыс әкімдігі бізді бір-бірлеп сотқа сүйреп, үйімізді тартып алмақшы. Біз қыста бала-шағамызбен қайда барамыз?» – дейді Айнұр Сабыр.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Tizgin.kz БҚО әкімі баспасөз қызметіне хабарласып, мәселенің мәнісін білмек болған. Әкімдік берген жауабында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті үйлердің берілуіне талдау жүргізгенін хабарлайды.

«Сол талдау бойынша Орал қаласы әкімдігі жанындағы комиссияның жекелеген мүшелері тарапынан БҚО аумағындағы су тасқыны салдарын жою кезеңінде саяжай алаптары тұрғындарына тұрғын үй бөлу және келтірілген залалды өтеу барысында заңға қайшы әрекеттер жасалғаны анықталды. Талдау материалдары комиссия жұмысын заңнамаға сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылдау мақсатында облыс әкіміне жолданды. Келіп түскен талдау материалын жан-жақты қарап, заңды шешім қабылдау үшін комиссия құрамында болған екі адамға қатысты сотқа талап-арыз берілді. Бұл мәселе бойынша баға беру және шешім шығару соттың құзіретіне жатады», — делінген жауапта.

Ресми жауапта сонымен қатар, аталған жағдайға түпкілікті баға беруге құзыретті орган — тек қана сот, ал фактілерді бұрмалап, қоғамда жалған түсінік қалыптастыратын кез келген жария мәлімдемелер сот төрелігіне қысым жасау әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін екенін хабарлайды.

«КЕЛІСПЕЙМІН»

 Десе де, Айнұр Сабыр жаңа пост жариялап, әкімдіктің уәжімен келіспейді. Мұғалім комиссия мүшесі болса да өзінде ешқандай құзірет болмағанын еске салады. Өзінің құжаты қаралғанда комиссияның маңында да болмағанын, еш жерге қол қоймағанын атап өтеді.

Фото: Уральская неделья

«Сонда мен қай құзіретті асыра пайдаландым? Осы сұрағыма мардымды жауап ала алмадым. Екіншіден, бізге шыққан қаулы мемлекеттік органдар тарапынан болған. Төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссия ең бірінші тасқыннан зардап шеккендердің жағдайын ескерді. Президент тапсырма беріп, жұма сайын министрлер келіп, барлық іс-шараны назарда ұстады. Болып жатқан іс-әрекеттің барлығы өз уақытында қаралып, мақұлданып отырды. Бұндай қаулылардың да арыз-шағым қабылдайтын мерзімді уақыты бар. Қателеспесем, қарсылық  арыз-шағым үш айда қабылдану керек. Ал оған біздің тексергіштер жыл жарым өткен соң оралып отыр. Бұл кезде тұрғындар жарамсыз үйлерін жерімен қоса үкімет иелігіне өткізіп,  жаңа баспаналарын заңдастырып алды», — дейді ол.

Айнұр Сабыр бұл айыптары да қисынға келмеген соң, сотқа өз үйінің құжаттарының күшін жой деп талап қойып отырғанын айтады.

«Ал егер шынымен де үйді заңсыз алған болсам, неге менен өзге отызға тарта тұрғынды да сотқа бермеген? Біздің құжаттарымыз бір қаулы негізінде қаралған ғой… Мен осы іс-әрекеттеріне қарап, бұл заңсыздықты анықтау емес, бұл менің жеке басыма қатысты бір мақсатқа негізделген  қудалау деп түсіндім», — дейді ол.

«ҚЫЗЫҚ ЖАҒДАЙ»

Tizgin.kz порталының сұрағына жауап берген, Батыс Қазақстан облысынан сайланған Парламент депутаты Абзал Құспан Айнұр Сабырмен кездескенін айтады.

«Қызық жағдай: алпыстың үстінде азаматқа дәл осындай негізбен үй берілген. Жер үйі суға кеткен алпыстан аса адамға баспана берілген. Енді «өкілеттігін асыра пайдаланды» дегенге келіңкіремейді-ау, өйткені бұл кісіде шешім қабылдайтындай құзірет жоқ. Ол қоғамдық бақылау ретінде енгізілген. Оның өзі менің ұсынысым болатын. Мен әкімдікке «қабылданып жатқан шешімдер түсініксіз болса, наразылық тумас үшін қоғам өкілдерін де комиссияға қатыстырыңыздар, олар көздері жетсін» дегенмін. Сот нәтижесін көрсетер», — дейді ол.

Абзал Құспан жер үйлерін сүріп, жерін мемлекетке өткізген азаматтардан мемлекет берген үйін қалай тартып алады деген сұрақты қояды.

«Менің ойымша, бұл жағдай құқықтық жағынан сотта күмәнділеу болып көрінеді. Бірақ сот қызметіне араласуға құқығымыз жоқ. Мен қадағалаушы орган ретінде прокуратураға хат жазуды ойлап отырмын. Осы мәселеге назар аударуы керек. Бұл бір ғана Айнұр Сабырдың емес, алпыстан астам азаматтың құқығына қатысты мәселе. Олардың бәріне бір жағдайда үй беріп, екі азаматты сотқа бергенімен, кейін сот шешімі шыққан соң қалған азаматтарды беруі мүмкін», — дейді Абзал Құспан.

Tizgin.kz бұл мәселені назарында ұстайды.